Мырзакент кентінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау, ретсіз сауда орындарының алдын алу және тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында заң талаптарын түсіндіру мақсатында рейдтік іс-шара өткізілді.
Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтың басшылығымен өткен рейдке Мырзакент кентінің әкімі Мамыр Бейсенбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, газ қызметі, полиция, газ техникалық қызметі және аудандық тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында кент аумағындағы көшелердің, тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың, орталық базардың айналасының тазалығы, абаттандырылуы және қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілді. Сонымен қатар, рейд барысында азаматтарға абаттандыру бойынша Кодекстің жаңа талаптары түсіндірілді.
«1 шілдеден бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505 және 434-2 баптарына өзгерістер енгізілді. Жаңа Кодекске сәйкес, әрбір тұрғын мен кәсіпкер өз нысанына іргелес 5 метр аумақтың тазалығына жауапты. Яғни, аумақты таза ұстау, қар мен мұзды уақытылы тазалау, арамшөптерді орып, жасыл желекті күтіп-баптау және құрылыс қалдықтарын арнайы орындарға шығару міндеттеледі. Сондай-ақ, қоршау сыртына құрылыс материалдарын, көмір және басқа да заттарды жинауға, заңсыз шлагбаумдар мен бөгеттер орнатуға, көгалдар мен балалар алаңдарына көлік қоюға жол берілмейді» — деді, Бижан Шералыұлы.
Аудан әкімінің орынбасары абаттандыру талаптарын бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 505 және 434-2-баптары бойынша ескерту немесе айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да атап өтті. Осылайша Мырзакент кентінде өткен рейд нәтижесінде кәсіпкерлер мен тұрғындарға ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 7 ескерту беріліп, 43 250 теңге көлемінде 1 айыппұл салынды. Сонымен қатар, 408-бап бойынша 2 айыппұл салынып, жалпы сомасы 12 975 теңгені құрады.











