Гүл — сұлулықтың, нәзіктіктің, тазалық пен махаббаттың символы. Адам баласы ежелден гүлге ерекше мән берген. Жағымды көңіл-күй сыйлайтын, жанды тыныштандыратын, қуанышқа бөлейтін осы бір нәзік тіршілік иесін күтіп-баптау, егу, өсіру — бұл жай ғана хобби емес, бұл — адамның жан-дүниесін тәрбиелейтін, оны байытатын, рухани дамуға жетелейтін әрекет.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде 13 мың түп гүл көшеттері егілді.
«Мырзакент қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» саябағы мен «Жастар» гүлзарына, С.Жаштаев пен С.Қожанов көшелеріне гүл егу жұмыстарын жүргізуде.
Гүл көшеттерінің ішінде питуния, раушан түрлері көбірек егілуде. Сондай-ақ, аудан орталығындағы кәсіпкерлік мекемелер де өз аулаларында мұндай көгалдандыру жұмыстарын қолға алуда. Көшелердің, аулалардың, мектептердің гүлзарға толуы — қоғам мәдениетінің, азаматтардың табиғатқа деген көзқарасының көрсеткіші. Айналаның әсемдігі адамдардың өзара қарым-қатынасына да әсер етеді. Жайқалған гүлдермен көмкерілген мекенде өмір сүрген адамда ашу-ыза азайып, орнына қуаныш пен шаттық орнайды.
Бүгінде экология мәселелері күн тәртібінде тұрған сәтте, әрбір егілген гүл — табиғатқа деген үлес, қоршаған ортаны қорғауға жасалған нақты қадам. Себебі гүлдер ауа тазартуға, түрлі жәндіктерге азық болуға, жердің құнарлылығын сақтауға көмектеседі.
Айта кетейік, «Мырзакент қызмет» МКК гүлдерді егіп қана қоймай, оларды күтіп- баптаумен де шұғылданады. Дегенмен, кент тұрғындары да өз аулаларында көгалдандыру жұмыстарын жасаса – аудан орталығы ерекше құлпыратынын МКК директоры атап өтті.






