Бейсенбі, Желтоқсан 12, 2024
-2.5 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықМақтааралдағы индустриалды аймақта жаңа өндіріс орындары ашылады

Мақтааралдағы индустриалды аймақта жаңа өндіріс орындары ашылады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен кеңінен танысты.

Ең алдымен облыс әкімі ауданның индустриалды аймағында орналасқан тамшылатып суғаруға қажетті құрал-жабдықтарды және тұқымдық шитті өндіретін «BEGASH» ЖШС-на қарасты қос бірдей зауыттың құрылыс жұмыстарын көрді. Тамшылатып суғару таспасын шығаратын зауыттың құны 1,5 млрд. теңгені құрап, 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды. Ал мақта тұқымын өңдеу зауытының құны да 1,5 млрд. теңгені құрап, 17 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Екі жоба да 2025 жылы іске қосылады деп межеленген.

– Индустриалды аймақтың жұмысын жандандыру керек. Жаңа жобалармен толықтырыңыздар. Су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы бастамаларды қолдаймын. Мақта сортын жақсарту, сапасын көтеру мәселесі де өзекті. Ауданның даму жоспары жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындарын көбейту керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы индустриалды аймақта мақтааралдық шаруалар мен шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесті. Ұсыныс, пікірлерін тыңдады. Кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын дамыту жолдары айтылып, мемлекеттік қолдаулар туралы мағлұматтар берілді.

Ауданның индустриалды аймағынан жақында ғана Орталық Азияда бәсекеге қабілетті «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты ресми түрде іске қосылған болатын. Кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Бүгінде зауыттың Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы 13 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Жиын-терім науқаны басталғалы 41 мың тонна ақ алтын жинап үлгерген. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан елдеріне экспорттауда.

Мақтаарал ауданының индустриалды аймағының жалпы жер көлемі 24,2 гектарды құрап, қазіргі таңда жалпы 5,45 млрд теңге көлемінде 4 инвестициялық жоба іске асырылған. Алдағы уақытта 2 млрд. теңге көлемінде тағы 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 2025 жылы іске қосылмақ.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ