Skip to content

Мақтааралда мақта терімі басталды

103

Мақтаарал ауданында мақта терімі басталып, шаруалар алқаптағы еңбектің нәтижесін жинауға кірісті. Биыл аудан бойынша 35,5 мың гектардан астам жерге мақта егілген. Қазірдің өзінде алғашқы өнімдер қабылданып, жиын-терім жұмыстары күн сайын қарқын алып келеді.

Мақтааралдық диқандар үшін жылдың ең жауапты кезеңдерінің бірі басталды. Көктемнен бері күтілген «ақ алтын» алқаптан жиналып, алғашқы өнімдер қабылдау орындарына жеткізілуде.

Мақтаның бітік шығуы үшін жаз бойы қажетті агротехникалық жұмыстар атқарылды. Оның ішінде мақта алқаптарындағы жазғы вегетациялық суару жұмыстары толық аяқталды. Енді шаруалардың басты міндеті – пісіп-жетілген өнімді уақытылы әрі ысырапсыз жинап алу.

Мақта көсектерінің тез ашылуы үшін дефолиация жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Бүгінде бұл жұмыс 29 мың гектардан аса алқапта жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы бір апта ішінде толық аяқталады деп күтілуде.

Ал мақта терімі басталғалы бері 174,5 гектар алқаптан 478 тонна өнім жиналды. Қазіргі таңда мақтаның орташа өнімділігі гектарына 27,4 центнерді құрап отыр.

Мақта терімді ерте бастаға шаруа қожалықтардың бірі – «Бірлік 2» шаруа қожалығы. Атабек Қожабековтың төрағалығындағы мақта алқабынан гектарына 40 центнерден өнім жиналуда.

Қазір аудан шаруаларының қарамағында 237 мақта теретін комбайн бар. Оның ішінде күнделікті жұмысқа 24 комбайн жұмылдырылған. Дефолиация жұмыстары аяқталған сайын терімге тартылатын техника саны да көбейіп, алқаптағы жұмыс қарқыны арта түспек.

Мақта – Мақтааралдың ғана емес, тұтас Түркістан облысының ауыл шаруашылығындағы маңызды дақылдардың бірі. Сондықтан, алдағы кезеңде техниканы тиімді пайдалану, өнімді белгіленген мерзімде жинау және ысырапқа жол бермеу басты назарда болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.