Мақтаарал ауданы әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұловтың төрағалығымен өткен жиында аудан тұрғындарының санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар өзекті мәселе қаралды.
Отырыста Мақтаарал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мұхит Әшірепиев баяндама жасап, санитариялық жағдай бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Күн тәртібінде ауа-тамшы жолы арқылы берілетін тұмау, ЖРВИ және COVID-19 инфекцияларының алдын алу шаралары, сондай-ақ ауданда туберкулез ауруының алдын алу бағытындағы жұмыстар қаралды. Жұқпалы ауруларды ерте анықтау, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, аудан аумағындағы білім беру мекемелерінің санитариялық-техникалық жағдайы, мектеп оқушыларын сапалы әрі қауіпсіз ыстық тамақпен қамтамасыз ету, мектеп асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы мәселелері талқыланды.
Жиында өндірістік орындарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы және аудан аумағында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитариялық-техникалық жағдайы да назарға алынды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, анықталған кемшіліктерді жою және профилактикалық жұмыстарды күшейту бойынша тиісті міндеттер жүктелді.
Айта кетейік, халықтың денсаулығын қорғау және ауданның санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.








