Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық орындардағы санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Осы мақсатта аудан әкімдігі, аудандық полиция бөлімі және жауапты мекемелердің өкілдерінен құралған мобильді жұмыс тобы 2026 жылғы 24–30 шілде аралығында аудан аумағында кең көлемді рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды.
Рейд барысында саябақтар, скверлер, каналдар мен арық-атыз жағалаулары, демалыс орындары, базарлар мен тұрғындар көп шоғырланатын қоғамдық кеңістіктер қамтылды. Мамандар қоғамдық орындардың тазалығын сақтау талаптарының орындалуын бақылап, тұрғындармен және кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесінде санитарлық тазалық талаптарын бұзудың 14 дерегі анықталды. Атап айтқанда, қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын сақтамау фактілері бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы негізінде 1 азаматқа әкімшілік хаттама рәсімделді. Сонымен қатар, Кодекстің 505-бабы бойынша 14 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, олардың 10-на ескерту берілсе, 4 азаматқа әкімшілік айыппұл салынды. Нәтижесінде құқық бұзушыларға жалпы сомасы 173 000 теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
Рейдтік іс-шаралар барысында жауапты мамандар тұрғындарға қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын түсіндіріп, қоғамдық орындарды ластамау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастау, абаттандыру нысандарына ұқыпты қарау және қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, аудан әкімдігі қоршаған ортаның тазалығы – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін еске салады. Елді мекендердің көркеюі мен қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру тұрғындардың тазалық мәдениетіне тікелей байланысты. Сондықтан, әрбір тұрғынды қоғамдық орындарда тазалық талаптарын сақтауға, табиғатты аялауға және заң талаптарын құрметтеуге шақырады.
Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы рейдтік, профилактикалық және түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.








