Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда тазалық бойынша 21 құқық бұзушылық анықталды

Мақтааралда тазалық бойынша 21 құқық бұзушылық анықталды

190

Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында құрылған мобильді топтың қатысуымен қоғамдық орындарда кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Рейдтің негізгі мақсаты – аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Іс-шара барысында мобильді топ мүшелері аудан аумағындағы саябақтарды, скверлерді, жағалау аймақтарын, демалыс орындарын, базарлар маңын және халық көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындарды аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, қоғамдық орындардың тазалығына бақылау жасалып, белгіленген талаптарды бұзу деректері анықталды.

Рейд қорытындысы бойынша тазалық қағидаларын бұзудың 21 фактісі тіркелді. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2-бабы бойынша қоғамдық орындарды ластағаны үшін 3 азаматқа қатысты 3 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, Кодекстің 505-бабы бойынша елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды күтіп-ұстау талаптарын сақтамау деректері бойынша 18 азаматқа қатысты 18 әкімшілік хаттама рәсімделді. Нәтижесінде құқық бұзушыларға жалпы 129 750 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Рейд барысында мобильді топ мүшелері тұрғындарға қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны ластамау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға тастау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық жадынамалар таратылып, азаматтардың құқықтық жауапкершілігі туралы ақпарат берілді.

Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Аудан тұрғындары мен қонақтары қоғамдық орындарда тазалықты сақтауға, табиғатты қорғауға және заң талаптарын бұлжытпай орындауға шақырамыз.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.