Skip to content

Мақтааралда мақта егу науқаны басталды

176

Мақтаарал ауданында биылғы көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізіліп, мақта егу науқаны басталды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі дақыл саналатын мақтаны егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда аудан бойынша 1494 гектар аумаққа мақта шиті себілді.

Жалпы Мақтаарал ауданында 60 мың гектардан астам егістік жер бар. Бүгінгі күнге дейін оның 20 мың гектарға жуығы тырмаланып, 14 мың гектары шыжылданған. Бұл алқаптар толықтай мақта егуге дайын күйге келтірілген. Ауа райының қолайлы жағдайына байланысты егіс жұмыстары алдағы күндері қарқын ала түседі деп күтілуде.

Ауданда озық агротехнологияларды енгізу бағытында да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі – А.Қалыбеков ауылдық округінде орналасқан «Қалдан» шаруа қожалығы қолдана бастаған қос жүйек технологиясы. Шаруа қожалықтың басшысы Асылхан Қасымбеков биыл 40 гектар жерге мақтаны осы жаңа тәсілмен егуде. Бұл технология бойынша қос жүйектің арасы 6 сантиметрді, ал қатар аралығы 90 сантиметрді құрайды.

Дәстүрлі әдісте бір гектарға шамамен 25 келі мақта шиті себілсе, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш 40 келіге дейін артқан. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл өнімділікті екі есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл әдіс су мен тыңайтқышты тиімді пайдалануға да оң әсерін тигізеді. Қожалық басшысы өзінің егістік жерінен бөлек, басқа да шаруалармен технологиясын бөлісуде.

Мақтадан бөлек, аудан диқандары басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде белсенділік танытып отыр. Бүгінгі таңда 571 гектарға қырыққабат, 640 гектарға дәнді-бұршақты дақылдар, 610 гектарға жүгері мен арпа, 30 гектарға маш, 95 гектарға сүрлемдік жүгері, сондай-ақ 4947 гектарға бақша дақылдары егілген.

Жалпы, Мақтаарал ауданында көктемгі дала жұмыстары белгіленген агротехникалық талаптарға сай жүргізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған. Жаңа технологияларды енгізу мен егіс алқаптарын әртараптандыру – ауданның аграрлық әлеуетін арттыруға және өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.