25 қазан – Республика күніне орай Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Жол жиегі – Ел келбеті» атты жаппай сенбілік ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – аудан аумағындағы автомобиль жолдарының бойын таза ұстау, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Мерекеге орай Мақтаарал ауданының кіреберісінде тазалық жұмыстарына қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Жиында аудан әкімі Бақыт Асанов сөз сөйлеп, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі басқосуымыздың мәні ерекше. Өйткені тазалық – тек айналамызды қоқыстан арылту ғана емес, ол – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, елге деген жанашырлықтың және ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Мақтаарал – еңбегімен өркендеген, ынтымағы жарасқан, берекесі тасыған аудан. Ендеше, ауданымыздың тазалығы мен көркеюі жолындағы жұмыстарды да бірлесе атқаруымыз керек. Осы игі бастамаға қолдау көрсетіп, ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Бақыт Насырханұлы.
Жалпы аудан бойынша өткен сенбілікке 4 мыңға жуық адам қатысып, 25 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы күл-қоқыстан тазартылып, 28 тонна қалдық шығарылды.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында аудан аумағында 60-тан астам сенбілік ұйымдастырылып, оларға 30 мыңға жуық тұрғын қатысты. Тазалық жұмыстарына 250 арнайы техника жұмылдырылды.
Аудан аумағын көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Көктем мезгілінде 7,5 гектар жерге 15 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Ал күзгі маусымда қосымша 35 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.






































