Бейсенбі, Мамыр 9, 2024
19.6 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚМақтааралда күзгі жиын-терім науқаны қорытындыланды

Мақтааралда күзгі жиын-терім науқаны қорытындыланды

Мақтаарал ауданында күзгі жиын-терім науқанын қорытындылау мақсатында дәстүрлі «Алтын күз – 2023» мерекелік іс-шарасы кең көлемде аталып өтті.

Биыл ауданда 61 мың гектар егістік алқапқа түрлі дақылдар егілді. 9 айдың қорытындысымен 419,4 мың тонна бақша дақылдары, 18 мың тонна көкөніс дақылдары, 28,4 мың тонна мал азықтық дақылдары, 6,1 мың тонна картоп, 40 тонна күздік бидай, 7,5 мың тонна күріш, 97,1 мың тонна мақта және 11, 5 мың тонна дәндік жүгеріден өнім алынды.

Ауданымызда мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім бар. Ет өндіру 4,6 мың тоннаны, сүт өндіру 33 мың тоннаны, жұмыртқа өндіру 5,4 миллион дананы құрап, жылдағыдан үлкен көлемде артып отыр.

Кәсіпкерлік саласында да үлкен жетістіктер көп. Өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 7,2 миллиард теңгені құраса, биыл 15,2 миллиард теңгеге жетті. Сол сияқты өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі өткен жылы 5,7 миллиард теңгені құраса, биыл 17 миллиард теңгеге жетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі де өткен жылы 14,5 миллиард теңгені құраса, биыл 23,2 миллиард теңгені құрады.

Диқандарымыздың, шаруаларымыздың және кәсіпкерлеріміздің мерекесінде ауыл шаруашылығы тауарларының, кәсіпкерлеріміздің өндірген тауарларының және ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі қойылып, аудан әкімі бастаған топ көрмелерді тамашалап шықты.

Салтанатты кеш театрландырылған қойылыммен ашылып, сөзге шыққан аудан әкімі Бақыт Асанов барша аудан тұрғындарын күзгі жиын-терім науқанының аяқталуымен шын жүректен құттықтады және үздік нәтиже көрсеткен округтерді арнайы мараппаттады. Бұдан бөлек, сөзге шыққан аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Махамбет Ердешов және аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаровтар үздік шаруалар мен кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысып жүрген азаматтарға, мекемелерге, БАҚ өкілдеріне аудан басшысының алғыс хаты мен бағалы сый-сияпаттарын табыстады.

«Сіздерді дала еңбеккерлерінің жемісті мерекесі – «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дана халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тағылымды сөз бар. Күз маусымы – барша диқандарымыздың, шаруаларымыздың, кәсіпкерлеріміздің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең. Ауданымызда ауыл шарушылығы мен кәсіпкерлік саласы жыл сайын өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар арқылы осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Осынау қуанышты күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Мереке құтты болсын!» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Аудан басшысы мақта кластерін дамытып, оны терең өңдеуге күш салынып жатқанын, ол үшін Қытайдан, Өзбекстаннан инвесторлар тартылып жатқанын қоса жеткізді. Сонымен қатар, ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару технологияларына баса мән берілетінін де атап өтті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында мақтаның өнімділігі 27,1 центнерді құрап, облыс көлемінде көш бастады. Түркістан қаласында өткен «Алтын күз» іс-шарасында Мақтаарал ауданы «Мақта өндіруден озат аудан» атанып, облыс әкімі Д.Сатыбалды арнайы марапаттаған болатын.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ