Сенбі, Желтоқсан 14, 2024
10.7 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыМақтааралда күзгі жиын-терім науқаны қорытындыланды

Мақтааралда күзгі жиын-терім науқаны қорытындыланды

Мақтаарал ауданында күзгі жиын-терім науқанын қорытындылау мақсатында дәстүрлі «Алтын күз – 2024» мерекелік іс-шарасы кең көлемде аталып өтті.

Диқандарымыздың, шаруаларымыздың және кәсіпкерлеріміздің мерекесінде ауыл шаруашылығы тауарларының, кәсіпкерлеріміздің өндірген тауарларының және ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі қойылып, аудан әкімі бастаған топ көрмелерді тамашалап шықты.

Салтанатты кеште сөзге шыққан аудан әкімі Бақыт Асанов барша аудан тұрғындарын күзгі жиын-терім науқанының аяқталуымен шын жүректен құттықтады және үздік нәтиже көрсеткен шаруаларды арнайы мараппаттады. Бұдан бөлек, үздік округтер мен кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласының дамуына атсалысып жүрген азаматтарға, мекемелерге, БАҚ өкілдеріне аудан басшысының алғыс хаты мен бағалы сый-сияпаттары табыс етілді.

«Сіздерді дала еңбеккерлерінің жемісті мерекесі – «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Дана халқымызда «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген тағылымды сөз бар. Күз маусымы – барша диқандарымыздың, шаруаларымыздың, кәсіпкерлеріміздің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын кезең. Ауданымызда ауыл шарушылығы мен кәсіпкерлік саласы жыл сайын өсіп, өркендеп, дамып келеді. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар арқылы осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Осынау қуанышты күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тыныштық тілеймін. Мереке құтты болсын!» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Аудан басшысы мақта кластерін дамытып, оны терең өңдеуге күш салынып жатқанын, ол үшін Қытайдан, Өзбекстаннан инвесторлар тартылып жатқанын қоса жеткізді. Сонымен қатар, ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару технологияларына баса мән берілетінін де атап өтті.

Жалпы Мақтарал ауданында 2024 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 76,5 млрд.теңгеге жетті. Нәтижесінде, нақты көлем индексі 104,5 пайызды құрап, облыс көлемінде аудан 4 орынға ие болды.

Биыл мақтааралдық диқандар 60,6 мың гектар жерге егістік ексе, оның 33,7 мың гектары мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша 100 мың тоннаға жуық ақ алтын жиналды.

Айта кетейік, Түркістан қаласында өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай облыстық «AGROFEST TÚRKISTAN – 2024» салтанатты шарасында Мақтаарал ауданы бақша өндіруден озат аудан атанған болатын. Биыл аудан бойынша 18 мың гектар алқапқа бақша дақылы егіліп, шаруаларымыз бақшадан 500 мың тоннаға жуық өнім жинап, экспортқа және импортқа жіберілді. Жалпы бақша дақылынан алынған өнім гектарына 275,2 центнерді құрап, рекордтық деңгейге жетті.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ