Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда халықаралық маңызы бар «М-39» автожолын жөндеу жұмыстары қарқындады

Мақтааралда халықаралық маңызы бар «М-39» автожолын жөндеу жұмыстары қарқындады

100

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында халықаралық және өңіраралық маңызы жоғары «М-39» Ташкент–Термез автожолының қазақстандық учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Аталған жоба – Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды инфрақұрылым нысандарының бірі.

Бүгін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ербол Қуандықұлы арнайы жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келіп, жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Сапар барысында мердігер ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарының қарқыны мен сапасына ерекше назар аударылып, тиісті тапсырмалар берілді.

Жалпы ұзындығы 24,1 шақырымды құрайтын I санаттағы автожол учаскесі екі ел арасындағы шекаралық байланысты нығайтып қана қоймай, халықаралық транзиттік дәліз ретінде де маңызды рөл атқаратын болады. Бұл бағыт арқылы жүк және жолаушылар тасымалы үздіксіз жүзеге асырылады, сондықтан жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар жоғары.

Қазіргі уақытта жобаның негізгі кезеңдері белсенді жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, майда қиыршықты асфальтбетонның жоғарғы қабатын төсеу жұмыстарының 40%-ы аяқталды. Цементбетон жабынын жөндеу жұмыстары 90%-ға орындалды. Сонымен қатар, көпір құрылыстарын жаңғырту жұмыстарының 50%-ы жүзеге асырылды.

Алдағы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар қосымша жұмыстар жүргізіледі. Олардың қатарында жолдың жүру бөлігін абаттандыру, заманауи жол белгілерін орнату, жарықтандыру жүйесін енгізу, тосқауыл қоршауларын орналастыру және басқа да инфрақұрылымдық шаралар қарастырылған.

Аталған жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық, сауда және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Жоспарға сәйкес, «М-39» автожолының Мақтаарал ауданындағы учаскесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары 2026 жылдың маусым айында толық аяқталады деп күтілуде.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.