Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда халықаралық маңызы бар автомобиль жолы пайдалануға берілді

Мақтааралда халықаралық маңызы бар автомобиль жолы пайдалануға берілді

87

Мақтаарал ауданында логистикалық әлеуетті арттыратын маңызды жоба жүзеге асты. М-39 «Ташкент – Термез» халықаралық көлік дәлізінің аудан аумағындағы ұзындығы 24,1 шақырым болатын учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталып, жол пайдалануға берілді.

Жаңартылған І санаттағы автожолдың пайдалануға берілуіне арналған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылығы мен жауапты мамандары, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов халықаралық маңызы бар жолдың аудан үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

«Сапалы жол – елді мекендер арасындағы байланысты жақсартып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін береді. М-39 халықаралық көлік дәлізінің жаңартылуы Мақтаарал ауданының транзиттік және логистикалық мүмкіндігін арттырып, тұрғындар мен тасымалдаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Серік Тұрсынқұлов.

Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» өкілдері жолдың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптардың жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті. Жөндеу жұмыстары барысында жолдың жүру бөлігі жаңартылып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қажетті инфрақұрылым жасақталды. Атап айтқанда, жол бойына аялдамалар, заманауи жол белгілері, жарықтандыру жүйесі және тосқауыл қоршаулар орнатылды. Бұл нысандар жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

М-39 «Ташкент – Термез» бағыты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық байланысты нығайтып қана қоймай, халықаралық транзиттік дәліз ретінде маңызды рөл атқарады. Аталған бағыт арқылы жүк және жолаушылар тасымалы үздіксіз жүзеге асатындықтан, жол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызы зор.

Пайдалануға берілген көлік дәлізі «Целинный» және «Сырдария» шекара өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттыруға, жүк және жолаушылар тасымалының транзиттік мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жаңа жолдың іске қосылуы — Мақтаарал ауданының көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттырып, халықаралық сауда және транзиттік байланыстардың дамуына оң әсерін тигізбек.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.