Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Атакент кентіндегі «Достық» мәдениет үйі ғимаратында елімізге белгілі дінтанушы, уағызшы, ұстаз Арман Қуанышбаев тұрғындармен кездесу өткізді.
«Дін және заман» тақырыбында өткен тағылымды жиынға аудан тұрғындары, жастар, ұстаздар, дін саласының өкілдері мен белсенді азаматтар қатысты.
Кездесуді Мақтаарал ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Тұрсынханов жүргізіп отырды. Еркін форматта ұйымдастырылған келелі басқосуда қазіргі қоғамдағы діни ахуал, ұлттық құндылықтар, жастар тәрбиесі, отбасы институтының рөлі және дәстүрлі діннің маңыздылығы жөнінде кеңінен әңгіме өрбіді.
Жиын барысында Арман Қуанышбаев діннің адам өміріндегі орнына тоқталып, ислам дінінің бейбітшілік пен ізгілікті насихаттайтын құндылықтарын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, ол жастар арасында кездесетін діни сауатсыздықтың алдын алу, әлеуметтік желілердегі күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарау және дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріліп, қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, жастар тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, имандылық пен адамгершілік тақырыптарындағы тұщымды ойлар көпшіліктің көңілінен шықты. Тағылымды әңгімелер айтылған жиында адамдардың қарасы қалың болып, тұрғындардың қызығушылығы жоғары деңгейде байқалды.
Айта кетейік, мұндай кездесулердің басты мақсаты — қоғамдағы рухани тұрақтылықты нығайту, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және жастар арасында теріс ағымдардың алдын алу. Аудан көлемінде бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.


