Мақтаарал ауданының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде елімізге белгілі дінтанушы, уағызшы, ұстаз Арман Қуанышбаев тұрғындармен кездесу өткізді. «Қоғамдағы тұрақтылық пен діни қауіпсіздік» тақырыбында өткен тағылымды жиынға аудан тұрғындары, жастар, сала мамандары мен белсенді азаматтар қатысты.
Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Тұрсынханов жүргізіп отырды. Басқосу барысында қазіргі қоғамдағы діни ахуал, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтау, жастар тәрбиесі, теріс діни ағымдардың алдын алу және қоғамдық тұрақтылықты нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында Арман Қуанышбаев ұлттық тәрбие мен дәстүрлі діннің маңыздылығына тоқталып, жастарды білімге, парасаттылыққа және ел бірлігін сақтауға шақырды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралып жатқан күмәнді діни ақпараттарға сын көзбен қарау қажеттігін айтып, тұрғындарды діни сауаттылықты арттыруға үндеді.
Жиын барысында қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өзара пікір алмасты. Еркін форматта өткен кездесуде қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалып, тұрғындар тарапынан үлкен қызығушылық байқалды. Келелі басқосуда айтылған тұщымды ойлар мен тағылымды әңгімелер көпшілікке рухани серпіліс сыйлады.
Айта кетейік, мұндай кездесулердің басты мақсаты — қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және жастар арасында жат идеологиялардың алдын алу болып табылады. Аудан көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.


