23 маусым — Полиция қызметкерлері күніне орай бүгін Мақтаарал ауданында салтанатты жиын өтті. Шараға аудан басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер және сала қызметкерлері қатысты.
Салтанатты іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегін атап өту, сондай-ақ ішкі істер органдары ардагерлеріне құрмет көрсету болды.
Жиында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел тыныштығын сақтаудағы рөлінің ерекше екенін атап өтті.
«Мақтаарал ауданында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың тыныш өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында атқарып жатқан еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Сондай-ақ, ішкі істер органдарының ардагерлеріне көп жылғы адал қызметтері мен кейінгі буынға беріп келе жатқан тағылымды тәжірибелері үшін алғыс айтамын», – деді, Бақыт Насырханұлы.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында белсенділігімен және кәсіби біліктілігімен көзге түскен бірқатар полиция қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, шара аясында аудандық мәслихаттың хатшысы Қ.Сәрсекбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Амантаев, сондай-ақ Мырзакент кентінің әкімі М.Бейсенбаев та тәртіп сақшылары мен ішкі істер органдары ардагерлеріне Алғыс хаттар табыстап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.
Марапаттау рәсімі барысында полиция қызметкерлері мен ардагерлердің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі ерекше аталып өтілді. Ардагерлердің жас буынға тәжірибе берудегі рөлі мен құқық қорғау саласының дамуына қосқан үлесі де кеңінен сөз болды.
Салтанатты жиын мерекелік көңіл-күйде жалғасып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Көрермендер назарына патриоттық және рухты көтеретін әндер мен шығармашылық қойылымдар ұсынылып, мерекелік кешке ерекше сән берді.

























