Бүгін Түркістан облысының Мақтаарал ауданында «Ауыл партиясына 25 жыл» мерекесіне орай салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ азаматтарға арнайы мерекелік медаль табысталды.
Марапатталғандар қатарында ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері, түрлі бағыттағы кәсіпкерлер, өндіріс пен қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген азаматтар бар. Олардың әрқайсысы өз ісіне адалдығымен, еңбекқорлығымен және туған өлкенің өркендеуіне қосқан үлесімен ерекшеленеді.
Салтанатты жиында сөз алған ұйымдастырушылар мерейтойлық дата – «Ауыл партиясының» 25 жылдығы ел дамуы жолындағы маңызды кезеңдердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ауылдың әлеуетін арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды.
«Бүгінгі марапат – тек құрмет белгісі ғана емес, бұл елге сіңірген еңбектің лайықты бағасы. Ауылдың дамуы – мемлекет дамуының негізі. Сондықтан осындай еңбек адамдарының еңбегін дәріптеу – баршамызға ортақ міндет» – деді, жиын барысында сөз сөйлегендер.
Іс-шара барысында марапат иелеріне алғыс білдіріліп, олардың алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы еңбектері жалғасын табатынына сенім білдірілді. Сонымен қатар, жастарға үлгі боларлық еңбек жолдары атап өтілді.
Айта кетейік, аталған шара Мақтаарал ауданында ауыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болып, қоғамда еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.


