Халықты әлеуметтік қорғау және сапалы мемлекеттік қызмет көрсету — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Бүгінгі таңда бөлім тарапынан бекітілген тізбеге сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарына, мүмкіндігі шектеулі жандарға және еңбекші азаматтарға арналған 13 негізгі бағыт бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.
Бөлім жұмысының басым бөлігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды оңалту және көмек көрсетуге бағытталған. Атап айтқанда: мүгедектігі бар жандарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық қосымша құралдармен (кресло-арбалар және т.б.) және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету; жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшінің, ал есту қабілеті бұзылған азаматтарға ымдау тілі маманының қызметін ұсыну; мүгедектігі бар жандар мен мүгедектігі бар балаларды санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету; мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін жартылай стационарлық және үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау және тұрғын үй көмегін беру жұмыстары да бөлім құзыретінде. Бөлім Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, оларға куәлік беру және біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ, ақталған азаматтарға тиісті куәліктер беру қызметі де көрсетіледі. Ауданымыздағы еңбек нарығын реттеу мақсатында еңбекші көші-пөлушілерге жұмыс істеуге рұқсат беру, оны ұзарту немесе кері қайтарып алу бойынша мемлекеттік қызметтер де тиісті деңгейде жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету процесі жылдан-жылға оңтайландырылып келеді. Қызметтердің көпшілігін «Электронды үкімет» (egov.kz) порталы арқылы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (ХҚКО) арқылы алуға болады. Бұл қағазбастылықты азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бөлім тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, артық әкімшілік кедергілерді болдырмау және азаматтардың өтініштерін жедел қарау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әрбір азаматтың өтінішін мұқият қарап, заң аясында сапалы қызмет көрсетуге әрқашан дайын. Біздің мақсатымыз – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, көмекке мұқтаж жандардың сенімді тірегі болу.
Бекет НҰРҒАЛИЕВ,
Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің сектор меңгерушісі


