Жұма, Қазан 18, 2024
20.9 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМ.Әжіқабылов: Атом электр станциялары бізге қажет!

М.Әжіқабылов: Атом электр станциялары бізге қажет!

Елімізде жыл сайын халықтың саны өсіп, экономикамыз өркендеп келеді. Түрлі кәсіпорындар көбейіп, тиісінше электр энергиясына деген сұраныс артуда. Қарапайым Мақтаарал ауданының өзінде «Шардара» электр станциясынан бөлек, өзбекстандық «Феруз» электр станциясынан электр алатынымыз жасырын емес. Кейде өзбек ағайындардың электр энергиясы өздеріне жетпей жатады.

Атом электр станциясы отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді. Көптеген елдерде АЭС өнеркәсіптік және тұтынушылық мақсатта қолданылады. Әлемнің жетекші елдерінің бірі Францияның АЭС арқылы электр энергиясын өндірудегі тәжірибесі және Түркияның АЭС арқылы энергия өндіру ниеті басқа дамушы елдерді де атом электр станцияларына иелік етуге итермелейді.

Қазақстан да бұл мәселеге бейжай қарамай, АЭС салу мүмкіндігін бұрыннан қарастырып келеді. Алайда, Чернобыль мен Фукусима оқиғалары және Семей аймағындағы ядролық бомба сынақтары қазақстандықтардың ядролық апаттар мәселесіне ерекше назарын аударды. Бұл жағдайлар өңірдегі ядролық энергетикалық технологияларға жұртшылықтың алаңдаушылығы мен сенімсіздігін қалыптастырғаны рас. Сондықтан, Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесі 1997 жылдан бастап қазірге дейін әлі талқыланып келді.

Ядролық қалдықтар және сол сияқты зиянды факторлар барынша ескерілген жағдайдың өзінде АЭС-тердің қоршаған ортаға келтірген залалы өте төмен екендігін айтып кету керек. Жылу электр станцияларының қоршаған ортаға зияны атом электр станцияларына қарағанда әлдеқайда көп. Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Сондықтан, барша жерлестерімді 6-қазан күні болатын бүкілхалықтық Референдумға қатысуға шақырып, еліміздің болашағы үшін таңдау жасауларыңызды сұраймын!

Мұхтар ӘЖІҚАБЫЛОВ,

Аудандық Мансап орталығының директоры

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ