Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – аса қауіпті жұқпалы инфекциялық ауру. Аурудың негізгі тасымалдаушысы – иксодты кенелер. Адам ауруды кене шаққанда немесе КҚГҚ-мен ауырған адамның қанымен жанасқанда жұқтырады.
Сондықтан әр адам өз денсаулығына мұқият қарап, кене шаққан немесе кенемен жанасқан жағдайда міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі қажет. Кене шаққан адам 14 күн бойы медициналық бақылауда болуы тиіс. Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, аула мен малқораларды таза ұстау, малдарды кенеге қарсы уақытылы өңдеу маңызды.
Аурудың инкубациялық кезеңі вирустың ағзаға ену жолына байланысты болады. Алғашқы белгілері дене қызуының 38°С және одан жоғары көтерілуімен, қатты бас ауруымен, көздің қызаруымен, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қызаруымен, арқа, бел және мойынның ауыруымен байқалады. Сонымен қатар лоқсу, құсу, іштің ауыруы немесе іш өтуі мүмкін. Ауру асқынған жағдайда денеде бөртпелер пайда болып, мұрыннан, қызыл иектен және басқа ағзалардан қан кету белгілері байқалады.
Осындай белгілер анықталған жағдайда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралу қажет. Уақытылы ем қабылдамаған жағдайда ауру ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
КҚГҚ-дан сақтану үшін табиғатқа шыққанда жабық, ашық түсті киім кию, денені және киімді жиі тексеру, арнайы қорғаныс құралдарын пайдалану қажет. Кене шаққан немесе кенемен жанасқан жағдайда дереу дәрігерге қаралып, 14 күн медициналық бақылауда болу керек.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А.Еркінбекова



