Skip to content
Басты бет / Басты жаңалық / Қазақстан темір жолының басшысы «Мақтаарал» станциясының құрылысымен танысты

Қазақстан темір жолының басшысы «Мақтаарал» станциясының құрылысымен танысты

101

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Орынбасаров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, еліміздің ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі – «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылыс барысымен танысты.

Төраға Мақтаарал ауданында болып, «Мақтаарал» темір жол станциясының құрылысын қарап шықты. Ол жобаның орындалу барысын мердігергермен және жергілікті шенділермен жан-жақты талқылады.

Кездесуге Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Б.Анарбеков, инженерлік қадағалау ұйымдарының, жобалаушы «KSD Engineering» ЖШС-нің және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысып, құрылыс жұмыстарының кезеңдері, инженерлік шешімдер мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндалды.

Мұнда шекаралық және кедендік бақылау қызметтерінің, сондай-ақ өзге де мемлекеттік бақылау органдарының тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті заманауи инфрақұрылым қалыптастырылуда. Бұл болашақта халықаралық жүк тасымалын ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жұмыс кеңесі барысында құрылыс жұмыстарының сапасын сақтау, еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң орындау және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Б.Орынбасаров жауапты құрылымдық бөлімшелерге құрылыс қарқынын төмендетпеуді және барлық өндірістік процестерді тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше мән беретіні айтылды. Осыған байланысты компания филиалдарының басшыларына Мақтаарал, Сарыағаш және Жетісай аудандарының жергілікті атқарушы органдарымен және халықты жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп, жергілікті тұрғындарды теміржол саласының мамандықтарына оқыту және оларды теміржол инфрақұрылымы нысандарына жұмысқа орналастыру жұмыстарын жандандыру тапсырылды.

Жобаны іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін береді. Жаңа теміржол желісі пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және теміржол саласы үшін білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісі Мақтаарал және Жетісай аудандарын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ негізгі теміржол желісімен тікелей байланыстырады. Нәтижесінде «Сарыағаш» шекара станциясына түсетін жүктеме шамамен 40 пайызға төмендейді. Сонымен қатар, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілеті артып, Қазақстанның оңтүстігіндегі көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуына, өңірлік бизнестің өркендеуіне және жаңа инвестициялық мүмкіндіктердің қалыптасуына ықпал етеді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Басқарма төрағасы жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтау, құрылыс жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және барлық өндірістік процестерді тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.