Мақтаарал ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Осыған орай аудан әкімі Бақыт Асанов Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдауси ауылына арнайы барып, жаңадан пайдалануға берілген әкімшілік ғимараты мен құрылысы толық аяқталған тұрғын үйлердің жай-күйімен танысты.
Іссапар барысында аудан басшысы алдымен ауылдағы жаңа әкімшілік ғимаратында болды. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысан бүгінде толық пайдалануға беріліп, Жаңажол ауылдық округі әкімі аппаратының ұжымы жаңа жұмыс орнына қоныстанған.
Ғимаратты аралау кезінде аудан әкімі қызметкерлерді жаңа жұмыс орнымен құттықтап, тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
«Жаңа ғимарат – жай ғана кеңсе емес. Бұл – халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыратын, тұрғындардың мәселесін жедел шешуге мүмкіндік беретін маңызды орталық. Сондықтан, сіздерден жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін нәтижелі жұмыстар күтеміз» – деді, аудан басшысы.
Жаңа әкімшілік ғимарат барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Нысанға табиғи газ, электр энергиясы және кәріз жүйесі тартылған.
Жер учаскесінің жалпы аумағы 24,78 сотықты құрайтын әкімшілік ғимаратта тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда кең әрі жарық кіреберіс, тоғыз қызметтік кабинет, мәжіліс залы және санитарлық торап орналасқан.
Сапар барысында аудан әкімі Фирдауси ауылында жаңадан салынған тұрғын үйлердің құрылыс барысымен де танысты. Бұл жоба – өңірдегі тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі.
Жалпы жоба аясында 100 пәтерден тұратын 50 тұрғын үй бой көтерген. Тұрғын үйлер орналасқан аумақта абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, жолдың негізіне геосинтетикалық материалдар төселіп жатыр. Жолға асфальт жабындысын төсеу жұмыстары да 15 шілдеге дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Әрбір тұрғын үйдің жер учаскесі 7 сотықты құрайды. Заманауи үлгіде салынған үйлердің жалпы ауданы 63 шаршы метр. Баспаналарда кең кіреберіс, үш тұрғын бөлме, ас үй және санитарлық торап қарастырылған. Ең бастысы – тұрғын үйлер орналасқан жаңа шағынаудан толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Мұнда ауыз су жүйесі, табиғи газ, электр жарығы және сапалы автомобиль жолдары тартылған.
Аудан әкімі тұрғын үйлердің сапасына, инфрақұрылымның толық жүргізілуіне және аумақты абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударып, жауапты сала басшылары мен мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Айта кету керек, жаңа тұрғын үйлер үй кезегінде тұрған азаматтарға ипотекалық және арендалық тұрғын үй ретінде берілетін болады. Бұл жоба көптеген отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік беріп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға елеулі үлес қоспақ.












