Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жұмыс сапарымен Атакент кентінде болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірнеше маңызды нысандарды аралады.
Алдымен аудан әкімі кенттегі жаңадан ашылған «Жоба» көшесіне барып, атқарылған жұмыстарды көріп шықты.
Кенттің орталық базары маңындағы көлік қозғалысын жеңілдету және ұзақ жылдан бері қалыптасқан кептеліс мәселесін шешу мақсатында ашылған көшенің ұзындығы 356 метрді құрайды. Бұл жоба кенттің көлік қатынасын реттеп қана қоймай, алдағы уақытта жаңа кәсіпкерлік бастамалардың жүзеге асуына мүмкіндік беретін маңызды инфрақұрылымдық нысан болмақ.
Қазіргі таңда аталған көшенің бойындағы жеке кәсіпкерге тиесілі 1 гектар жерге заманауи талаптарға сай кең көлемді автотұрақ салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде базар аумағындағы көлік қозғалысын реттеуге және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Жоба» көшесінің екінші бағытынан темір жол желісі салынып, жаңа темір жол станциясының құрылысы басталмақ. Сондықтан, көшенің бойындағы 13,6 гектар аумақта түрлі кәсіпкерлік жобаларды іске асыру жоспарланған. Мұнда сауда, қызмет көрсету және өндіріс бағытындағы жаңа нысандардың бой көтеруі тұрғындарды жұмыспен қамтып, аудан экономикасының дамуына оң әсерін тигізбек.
Жұмыс сапарының келесі бағыты — Мақтаарал ауылдық округінде жеке кәсіпкер Абылайхан Темірханұлының бастамасымен салынып жатқан 1000 орындық заманауи тойхананың құрылысы болды.
Аумағы 2314 шаршы метрді құрайтын ғимарат 4900 шаршы метр жерге орналасқан. Нысан Атакент – Жетісай бағытындағы республикалық маңызы бар тас жолдың бойында салынып жатыр. Болашақта бұл кешен аудан тұрғындарына ғана емес, көршілес өңірлердің тұрғындарына да қызмет көрсететін ірі әлеуметтік-кәсіпкерлік нысанға айналады деп жоспарлануда.
Құрылыс алаңын аралаған аудан әкімі құрылыс барысында бірқатар өрескел кемшіліктердің орын алғанын атап өтті. Осыған байланысты кәсіпкерге нақты ескерту жасап, құрылыс аумағын толық қоршауды, республикалық жолдың бойында орналасқандықтан тазалық талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар, Бақыт Асанов келушілердің қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін кең көлемді автотұрақ қарастырудың маңыздылығына тоқталды және нысан пайдалануға берілгенге дейін оның аумағында ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.
Аудан басшысы әрбір инвестициялық жобаның сәулеттік келбетімен қатар, қауіпсіздігі, санитарлық талаптарға сәйкестігі және тұрғындарға қолайлылығы бірінші кезекте болуы керектігін атап өтті.
Жұмыс сапарының соңында аудан әкімі Атакент кентіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығында болды.
Орталық директоры Мұхтар Әжіқабылов мекеменің қызметі, материалдық-техникалық базасы және балаларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
2014 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан орталықтың негізгі мақсаты – 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды қоғамға бейімдеу, олардың денсаулығын қалпына келтіруге қолдау көрсету және толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау. Оларға көрсетілетін барлық қызмет түрлері тегін ұйымдастырылып, қауіпсіз әрі қолайлы ортада жүзеге асырылады.
Бүгінде орталықта балаларға 8 бағыт бойынша әлеуметтік мамандар қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, психолог, логопед, дефектолог, еңбек терапиясының нұсқаушысы, емдік дене шынықтыру мамандары, массажист, мәдени ұйымдастырушы, дәрігерлер мен тәрбиешілер балалардың жан-жақты дамуына еңбек етуде.
«Мұнда ерекше балалардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, олардың ата-аналарына үлкен қолдау көрсетеміз. Әр баланың қоғамнан өз орнын табуына мүмкіндік жасап, болашаққа деген сенімін арттыру – орталық жұмысының басты құндылығы» — деді, орталық директоры.
Аудан әкімі орталықтың бөлмелерін аралап, тәрбиеленушілердің жағдайымен танысты. Мамандармен еркін пікір алмасып, мекеменің жұмысына оң бағасын берді. Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан қажетті қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізіп, ерекше балалардың сапалы оңалту қызметін алуына барлық мүмкіндік жасалатынын атап өтті.
Атакенттегі жұмыс сапары барысында Бақыт Асанов инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және әлеуметтік нысандардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету – аудан әкімдігінің негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Әрбір жобаның тұрғындарға нақты пайда әкелуі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және өңірдің көркеюіне үлес қосуы басты назарда болатынын жеткізді.




















