Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде орталық саябақтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Бүгін ауан әкімі Бақыт Асанов нысан аумағына барып, құрылыс барысымен арнайы танысты. Аудан басшысы нысанның ішін аралап көріп, мердігер мекемеге жұмысты өз мерзімінде сапалы аяқтау керектігін тапсырды.
Мердігер компания “ГрадСтройСервис” ЖШС-і құрылыс нысанын қыркүйек айына дейін аяқтауды көздеп отыр. Жалпы құрылыстың тапсырыс берушісі – ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Ал, жобалаушы мекеме – “Сантех-Строй Проект” ЖШС болса, техникалық қадағалаушы мекеме – “Нұр&М Құрылыс” ЖШС.
“Әрине, бұл құрылысты жерлестеріміз көптен бері асыға күткен анық. Өйткені, отбасы мүшелерімен серуендейтін, балаларымызды қыдыртатын орындар ауданымызда сирек. Бұл бастама жергілікті халықтың демалуына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған маңызды нысан болмақ” – деді Бақыт Насырханұлы.
Саябақтың жобасына сәйкес, мұнда балаларға арналған ойын алаңшалары, атракциондар, концерт т.б. мәдени іс-шараларды өткізетін ашық аспан асты алаң, субұрқақтар, жасанды көлшіктер және автотұрақ болады. Ағаштар отырғызылып, орындықтар қойылып, балалар алаңдары жасалды. Мұның бәрі Мырзакент тұрғындары үшін үлкен қуаныш болары сөзсіз.







