Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов бокстан Қазақстан Республикасының чемпионы Ербол Тұрлыбайды жеке қабылдады.
2023 жылдың 9-16 желтоқсан күндері аралығында Ақтау қаласында өткен 2008-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы ҚР Чемпионатында Ерубай Тұрлыбай 80 келі салмақта алтыннан алқа тағып, республика чемпионы атанды.
Еліміздің 3 мегаполисі және 17 облысынан 20 команда, 500-ге жуық спортшы қатысқан бокс додасында жерлесіміз, ауданымыздағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Е.Тұрлыбай финалдық кезеңде қарсыласын 5:0 есебінде айқын басымдықпен жеңіп, ауданымызға үлкен абыроймен оралған болатын.
Аудан басшысы жас боксшыға республикалық чемпионатта облысымыздың және ауданымыздың абыройын асқақтатқаны үшін шынайы алғысын айтты. Сый-сияпаттарын табыстап, бұдан да жоғары жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта Астана қаласында өтетін олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған халықаралық жарысқа қатысуға бел буған боксшыға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Е.Тұрлыбай 2008 жылы Мақтаарал ауданы, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Өнімкер елдімекенінде туылған. Жаттықтырушысы – Ерғали Ердешов.