Skip to content

Мақтааралда кезекті аппарат мәжілісі өтті

78

Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының кезекті аппарат мәжілісі өтті. Аудан әкімі Бақыт Асанов төрағалық еткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аппараттың бөлім басшылары, дербес бөлімдердің жетекшілері, аумақтық мекемелердің басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Мәжілістің алғашқы мәселесі – жер учаскелерін беру, оларды пайдалануды реттеу, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік мұқтаждық үшін жер учаскелерін қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы болды. Бұл мәселе бойынша ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы Ө.Мырзамдамов баяндама жасады.

Баяндамашы «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол құрылысы бойындағы жер учаскелерін қайтару, Фердауси, Үлгілі және Жамбыл елді мекендерінің аумағын кеңейту, Атакент кентіне айналма жол салу, сондай-ақ мемлекеттік шекараның қорғау аймағына қажетті жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін алуға кезектілікті түгендеу мақсатында ауыл әкімдерімен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.

Келесі кезекте ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Елшібаев сөз сөйлеп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын төмендету, «D», «E» санаттары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша жоспардың орындалуы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылға қарай аудандағы кедейлік деңгейін 3,4 пайыздан асырмау жоспары бекітілген. Дегенмен, кейбір ауылдық округтерде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жоспардан тыс көбейіп кеткені атап өтілді. Осыған байланысты аудан әкімі ауыл әкімдерінен жеке-жеке сұрап, нақты жауаптар алды және бұл бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.

Күн тәртібіндегі күттірмейтін мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы алқаптарындағы қысқы сор шаю жұмыстары мен көктемгі егіс науқанына дайындықтың барысы болды. Бұл жөнінде ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл баяндама жасады.

Ол қысқы сор шаю жұмыстарының жылдағыдан кешігіп жатқанын айтып, шаруаларға дабыл қағу қажеттігін жеткізді. Аталған мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров нақты ұсыныстарын білдіріп, су шаруашылығы мекемесінің басшысына жұмысты ширату керектігін тапсырды. Аудан әкімі өз кезегінде ауыл әкімдеріне шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.

Мәжілістің соңғы мәселесі аудан аумағындағы күл-қоқыстардың жай-күйіне арналды. Бұл бойынша аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Әділ Тұрсынханов слайд арқылы кенттер мен ауылдық округтерде бейберекет жатқан тұрмыстық қалдықтарды көрсетті.

Аудан әкімі санитарлық тазалық мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі тиіс екенін атап өтіп, тиісті мекемелер мен ауыл әкімдеріне бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Жиын қорытындысында Бақыт Асанов көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.