Кеше Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудандық «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысымен танысты. Аудан басшысы мекеме ішін аралап, мамандармен пікірлесіп, қызмет көрсету барысын көзбен көрді. Әкім орталық жұмысының маңыздылығына ерекше тоқталып, ғимараттардың жиһаздармен және материалдық-техникалық базасын күшейту қажеттігін атап өтті.
2024 жылдың маусым айында ашылған орталық Мақтаарал ауданындағы халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға, әсіресе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға бағытталған. Жаңа мекеменің басты мақсаттарының бірі – азаматтарға консультациялық көмек көрсету, мемлекеттік қолдау шараларына бағыт беру, сондай-ақ отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Орталықта 18 штаттық бірлік бекітіліп, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, заңгерлер мен медиаторлар жүйелі түрде жұмыс атқаруда. 2025 жылға жергілікті бюджеттен 71 миллион теңге бөлініп, жұмыс барысы цифрландырылып отыр. Атап айтқанда, FSM Social мобильді қосымшасы арқылы азаматтардың өтініштері қабылданып, мобильді топтардың үйлестіруімен нақты шешімдер қабылдануда.
Бүгінгі таңда аудан бойынша 333 адамнан құралған мобильді топ жасақталып, оның құрамына білім, денсаулық, ішкі істер, қорғаншылық саласының мамандары енген. Орталық қызметкерлері үйме-үй барып, сұхбаттасу мен тереңдетілген сауалнамалар негізінде әр отбасы үшін жеке жұмыс жоспарларын әзірлейді.
Жыл басынан бері Орталыққа 293 өтініш түсіп, 369 қызмет көрсетілген. Оның ішінде 84 – кәсіп ашу, жұмыспен қамту, мотивациялық тренингтер, 160 – әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерге байланысты кеңестер, 35 – денсаулық сақтау мәселелері, 45 – психологиялық, құқықтық және медиаторлық көмек, 26 – оқу курстарына қатысу, 18 – демеушілер тарапынан қайырымдылық көмегі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, отбасылардың цифрлық картасы бойынша тіркелген D және E деңгейіндегі қиын жағдайдағы 10 025 отбасынан 1 333 отбасы (13%) көрсеткішке төмендетіліп, межеленген 7% жоспар артығымен орындалғаны – орталық жұмысының тиімділігін көрсетеді.
Мәселен, бес баланың анасы Қарлығаш есімді азаматша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, үйінен қуылып, қиын жағдайда қалған. Орталық мамандары дереу әрекетке көшіп, мобильді топ арқылы жанұя жағдайын зерделеп, азаматшаға психо-эмоционалдық қолдау көрсеткен. Психолог, заңгер мен әлеуметтік қызметкердің тікелей жұмысының нәтижесінде азаматша ажырасудан бас тартып, отбасы сақталып қалды. Бұл – Орталық жұмысының қоғамдағы нақты нәтижесін көрсететін жарқын мысал.
Бақыт Асанов орталық қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, тұрғындардың сенімін ақтау үшін жұмысты әрі қарай жетілдіру қажеттігін атап өтті. «Әр отбасы – ел болашағының негізі. Біз кез келген қиындыққа тап болған азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек», – деді, аудан басшысы.




