Мақтаарал ауданының көлік-логистикалық әлеуетін арттыратын ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – М-39 «Ташкент–Термез» халықаралық автомагистралі. Аталған жол қазіргі таңда күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл – аудан экономикасына оң серпін беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын едәуір арттыратын маңызды бастама.
Күні кеше аудан әкімі Бақыт Асанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Қадір Сәрсекбаев құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігер тарапынан жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап қайтты.
Жолдың Мақтаарал ауданындағы бөлігінің жалпы ұзындығы – 24,1 шақырымды, ені – 20 метрді құрайды. Құны 3 миллиард теңге болатын жобаның құрылысын мердігер мекеме «Максдорстройсервис-21» ЖШС жүргізуде. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Түркістан облыстық филиалы. Нысан 2026 жылы аяқталатын болады.
Жоспарға сәйкес, 2024 жылы жолдың ортасындағы ескі бордюрлар алынып, қазіргі таңда олардың орнына жаңа бордюрлар орнату жұмыстары басталды.
Аудан басшысы мердігер ұйымға жол сапасын қатаң бақылауда ұстауды, жұмыстарды уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар берді.





