Среда, 2 июля, 2025
26.3 C
Мырзакент
ҮйСЭСМенингококкты инфекция туралы не білеміз?

Менингококкты инфекция туралы не білеміз?

Менингококкты инфекция – жедел респираторлы бактериалды қоздырғышы ауа-тамшы механизмімен берілетін, мұрын-жұтқыншақ кілегей қабатының зақымдалуымен, жұмсақ ми қабығының қабынуымен, септицемиямен, аурудың симптомсыз түрінен бастап, іріңді менингококкты сепсиске дейінгі клиникалық түрлерімен сипатталатын жұқпалы ауру. Инфекция көзі- науқас адам, бактерия тасымалдаушы. Көп жағдайда бактерия тасымалдаушы жоғары эпидемиологиялық маңызға ие, себебі оларда аурудың ешқандай клиникалық көріністері байқалмай жүре береді.

Менингококк инфекциясының қоздырғышы сыртқы ортаға төзімсіз, күн сәулесі, дезинфекциялық заттар әсер еткенде тез жойылатын микробтар.

Менингококк инфекциясының жиілігі маусымдылықпен сипатталады. Сырқаттанушылықтың көтерілуі қараша – желтоқсанда басталып, наурыз – сәуірде жоғарғы шегіне жетеді. Менингококкты инфекция иммунитеті төмен адамдардың ағзасында тез дамиды.

Инкубациялық (жасырын) кезеңі 2-10 күн уақыт аралығын қамтиды.

Менингококк инфекциясына тән үштік- бұл бас ауру, құсу және дене температурасының көтерілуі.

Инфекция жұқтырған адамда дене қызуының 38-40°С дейін көтерілуі, қалтырау, бастың қатты ауырсынуы, құсу сынды белгілер болады. Тері бозарады, жалпы әлсіздік, арқаның және аяқ-қолдың сырқырауы байқалады. Науқас адам шөлдейді, тәбеті нашарлайды. Науқастарда өте тез мазасыздану, қимылдық қозу, терінің гиперестезиясы дамиды, сананың ессіз күйден комаға дейін бұзылуы қосылады, менингеалды симптомдар өршиді. Ауру симптомсыз бактерия тасымалдаушылықпен және жіті менингококк назофарингиті түрінде, әлсіз көрінетін интоксикация және ринофарингит белгілерімен өтуі де мүмкін, клиникалық белгілері бойынша ЖРВИ-ға ұқсайды.

Менингококк инфекциясымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу клиникалық және эпидемиологиялық көрсетімдері бойынша жүргізіледі. Менингококк инфекциясының генерализацияланған түрі мен назофарингиттің өршуі кезінде науқастар стационарлық емдеуге жатқызылуы тиіс.

Менингиттің алдын алу үшін ұсынылады:

1) Витаминдер мен микроэлементтермен байытылған толық және теңдестірілген тамақтану, спортпен шұғылдану, ағзаны шынықтыру;

2) Бөлмеге ылғалды жинау жұмыстарын жүргізіп, жиі желдету;

3) Жеке бас гигиенасын сақтау, дәретханаға барғаннан және тамақ ішердің алдында қолды мұхият сабындап жуу;

4) Халық көп жиналатын жерлерге, сауда-ойын-сауық кешендеріне, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға баруды шектеу. Көпшілік орталарға түскен кезде бір реттік бетперделерді қолдану;

5) Инфекцияға тән симптомдар біліне бастағаннан дәрігерлік көмекке қаралу;

Есіңізде болсын! Қандай ауру болмасын, дер кезінде медициналық көмекке жүгінген кезде, Сіз өз өміріңізді және отбасыңызды аман алып қаласыз!

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ