Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының фото тілшісі Ернар Бөрібаев Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық фото байқауда І орынды жеңіп алып, өзінің кәсібилігі мен шығармашылық шеберлігін дәлелдеді.
Аталған байқау ел көлемінде фотоөнер саласындағы үздік мамандарды анықтауға және Кентау қаласының тарихи-мәдени келбетін, әлеуметтік тыныс-тіршілігін, табиғи сұлулығын сурет арқылы насихаттауға бағытталған. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен кәсіби және әуесқой фотографтар қатысып, елге танымал қазылар алқасы үздік жұмыстарды іріктеп алды.
Ернар Бөрібаевтың байқауға ұсынған жұмыстары Кентау шаһарының көркем бейнесін, рухани байлығын, дамып жатқан инфрақұрылымын және адамдардың күнделікті өмір сәттерін ерекше шеберлікпен көрсете білді. Оның фотосуреттері көрерменнің назарын бірден аударып, эмоциялық тереңдігі мен композициялық үйлесімділігімен ерекшеленді.
Жеңімпазды марапаттау рәсімі Кентау қаласында өткен мерекелік іс-шара аясында ұйымдастырылып, Ернар Бөрібаевқа арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар, оның еңбегі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, көптеген шығармашылық ұйымдар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
“Бұл жеңіс – мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, сондай-ақ фотоөнерге деген махаббатымның жемісі. Кентау – тарихы терең, мәдениеті бай қала. Оның әрбір көшесі, әрбір тұрғыны – фотоаппарат объективінен көрінетін бірегей сюжет. Осы байқау маған туған облысымның жаңа қырларын тануға және оны өзгелерге танытуға үлкен мүмкіндік берді. Сондай-ақ, осы байқауға қатысуыма себепкер болған «Мақтаарал» аудандық мәдениет үйінің директоры Серғазы Байдуллаев ағама алғысымды білдіремін”, – деді, Ернар Бөрібаев.
