Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың, оқушылардың денсаулығының мықты болуы кез келген қоғам үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ал, денсаулық жағдайы көбіне әрбір баланың ұстанатын өмір қағидасымен тамақтанатын асына тікелей байланысты. Сол себепті мектеп оқушыларының тамақтану мәселесіне айрықша мән беріп, оның дұрыс жолға қойылуын қадағалауда ұстауымыз керек.
Мектеп асханаларына қойылатын негізгі талаптар: санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы, үздіксіз орталықтандырылған суық және ыстық сумен жабдықталуы, жарық пен жылумен, желдетумен қамтамасыз етілуі және де ас үй қоймасының болуы.
Объектіде нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес өндірістік бақылау ұйымдастырылып, жүргізіледі. Мектеп асханаларының қызметкері жеке бас гигиенасын сақтау үшін таза арнайы киіммен, аяқ киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілу қажет.
Мектеп асханаларында ас әзірлеуге қажетті негізгі құжаттардың бірі – ас мәзірі. Жалпы барлық білім, беру және тәрбиелеу нысандарындағы бірыңғай ас мәзірін Түркістан облысы білім басқармасымен (бракеражды комиссия құрамы) бекітіледі. Білім беру объектілерінде тамақтану сапасын мерзімдік бағалауды бракераждық комиссия жүргізеді, оның құрамы: медицина қызметкері, бөлімнің жауапты маманы, өндіріс меңгерушісі және ата-аналар комитетінің өкілін міндетті түрде қоса отырып, объект басшысының бұйрығымен айқындалады. Ал, күнделікті ас мәзірі ұйымның басшысы, медбикесі, диетбикесімен бекітіледі.
Оқушылардың күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және бидай наны, көкөністер және қант енгізілуі тиіс. Ал, балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, құс етін күнтізбелік жеті күнде бір реттен сиретпей қосу қажет.
Мектеп асханаларында тамақтан уланудың алдын-алу мақсатында мынадай тағамдарды әзірлеуге және балалар тағамына қолдануға тыйым салынады: пастерленбеген сүт, қаймақ, саңырауқұлақтар, флотша макаронды, ет қосылған құймақ, паштет, морс, газдалған сусын және алкогольсіз энергетикалық сусындар (минералдық және ауыз суды қоспағанда), фритюрде майға қуырылған бәліш, тоқаштар, үй жағдайында жасалған консервілер мен компоттар, шала пісірілген жұмыртқа, қуырылған жұмыртқаны, майонез қосылған салаттар, кремі бар кондитерлік тағамдар, чипсы, кептірілген нан, гамбургерлер, «фаст-фуд».
Балалардың денсаулығы мықты, ақылды және белсенді болып өсуі үшін дұрыс тамақтануды ұйымдастыру қажет.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков