Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков бастаған жұмысшы топ Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, цифрландыру саласындағы жұмыстармен және осындағы өзекті мәселелермен кеңінен танысты.
Ең алдымен басқарма басшысы аудан әкімі аппаратында орналасқан серверлік бөлменің талапқа сай немесе сай еместігін тексерді. Аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы Дінмұхамед Аязбеков серверлік жүйенің құрылғыларына және серверлік бөлмеге қойылған талаптардың орындалуы бойынша баяндады. Атап айтқанда, серверлік бөлмеде байланыс қатынастарын басқару, микроклиматты қалыптастыру, қауіпсіздік дабылы, өрт сөндіру қауіпсіздік дабыл жүйесі және кепілдендірілген электр қуатымен толық қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар, тек қана ақпараттық қауіпсіздікке жауапты мамандар ғана кіріп-шығып, серверлік бөлме бөгде адамдардан қатаң түрде қорғалатынын жеткізді.
Мұнан соң басқарма басшысы бастап келген жұмысшы топ аудан орталығы Мырзакент кентінде жаңадан қойылған бейнебақылау камераларының орындарын қарап шықты. Жалпы 9 нүктеге қойылған камералар 360 градусты толықтай түсіре алады. Кейбір маңызды мекен-жайларға 2 камерадан қойылған. Барлық камералар талшықты-оптикалық интернет арқылы облыстық жедел басқару орталығына (ЦОУ) байланыстырылды. Сондай-ақ, ауданда бұған дейін көлік жылдамдығына айыппұл салатын 8 дана «Сергек» және «Мерген» камералары орнатылған болатын. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу үшін алдағы уақытта да камера орнату бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады.
Мақтаарал ауданында 68 елдімекеннің 44-і оптикалық-талшықты интернетке қосылған. 24 880 тұрғын үйдің 4994-і үй жағдайындағы интернетті пайдаланады. Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында 400-ге жуық үйдің 90 пайызы үй жағдайындағы интернетке қосылған. Марат Фаритұлы мөлтек аудандағы тұрғын үйлерге арнайы барып, үй иелерімен интернеттің жылдамдығы жөнінде сұхбаттасты. Қазіргі таңда мұнда «Транстелеком» АО-ның желісі арқылы 50 мб/с интернет беріліп жатқанына көз жеткізді.
Жұмысшы топ Бірлік ауылдық округіне қарасты Алғабас және Қоңырат елдімекендерінде де болып, осындағы модернизациядан өткен «Кселл» операторының базалық станцияларының интернет жылдамдығын тексерді. Биыл ауданда Достық, Ынталы, Алғабас, Қоңырат, Диқан елдімекендерінде және Атакент кентінде «Кселл» мен «Билайн» операторларының базалық станциялары жаңғыртылып, жаңа технологиямен жұмыс істей бастады. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің жол картасына сәйкес, Береке, Абат, Жамбыл, Табысты, Өркениет, С.Рахымов, Ж.Қалшораев елдімекендеріне «Билайн» байланыс операторының жаңа базалық станцияларын орнату жоспарланып, қазіргі таңа жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы соңғы 3 жылда 15 елдімекенге жаңадан базалық станциялар орнатылған екен.
Айта кетейік, басқарма басшысының жұмыс сапары барысында Достық ауылдық округі Ж.Қалшораев елдімекенінде, Бірлік ауылдық округі Еркінабад елдімекенінде және бірнеше шекараға жақын елдімекендерде мобильді интернет мәселесі өте өзекті болып тұрғаны жеткізілді. Өз кезегінде басқарма басшысы аталған мәселелерді бақылауға алатынын атап өтті.