Бейсенбі, Қараша 21, 2024
13.6 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚОнда күріш те, ырыс та бар

Онда күріш те, ырыс та бар

Мақтаарал ауданы, Алғабас ауылындағы шағын күріш өңдеу цехының меңгерушісі Рамис Фарамев бабасы Махамедтің сталиндік қуғын-сүргін жылдары Бакуден көшіп келгенін айтады. Махамед осы өңірде өркен жайыпты. Оның Фарамас атты ұлы мен Шарапат атты келіні дүкенде сатушы болып жұмыс істеген. Рамис осы Фарамас пен Шарапаттың ұлы.

– Әкеміз қазақтардың қонақжайлылығы мен дарқандығы, жомарттығы туралы көп айтып отырушы еді. Махамед бабамыз сонау Бакуден арып-ашып келгенде қазақтар оларды жатырқамай қарсы алып, бір жапырақ нанын бөліп беріпті. Сондықтан атамыз да, әкеміз де «біз қазақтарға қарызбыз» деп отырушы еді. Біз осы ауданда туып, өстік. Қазақ мектебіне бардым. Қазақ жігіттерінен дос таптым. Бірнеше жыл мақта шаруашылығында еңбек еттім. Сосын күріш өсірдік. Күрішті өңдеу көп жұмысты талап етеді. Ойлана келе мен неге күріш өңдейтін цех ашпаймын деген ойға келдім. Бір жақсысы, мұнда жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалады. Бос жатқан жерден 20 сотық жер алдым. Осылай жұмысты бастап кеттім, – дейді Рамис Фарамасұлы бізбен әңгімесінде.

Біз оның шағын цехын аралап көрдік. Рамис Қытайдан 20 миллион теңгеге алты агрегат сатып әкеліпті. Осы агрегаттармен жылына 100 тоннаға дейін күріш өңдейді. Шағын цех ішінде бірнеше қап жинаулы тұр. Агрегаттар зыр қағып күрішті өңдеп жатыр. Негізінде білмеген жан күрішті орып алған соң бірден қазанға салып, палау баса береді деп ойлайды. Шын мәнінде күріш ешқашан аппақ күйінде түсе салмайды. Оның тысқы сабаны, кермегі ілесе жүреді. Оны мына агрегаттар сылып алып қалады. Бірнеше өңдеуден өтіп барып қана күріш тұтынуға  дайын болады. 

Мақтаарал және Жетісай аудандарында бірыңғай күріш өсірумен айналысатын 7 шаруашылық бар. Олар күрішті Рамиске әкеліп өткізеді. Ол ақталмаған күрішті өңдеп, 25-50 келілік қаптарға салып, тұтынушыларға жөнелтеді. Шағын цех күріштің лазер, мустакиллик атты сорттарын дайын күйде Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейге саудалайды екен. 

Қазір цехта Александр Мальцев, Ринат Каримов сынды өз ісінің майталмандары жұмыс істейді. Былтыр олар 55 тонна күріш өңдепті. Биылғы межелері 120 тонна күріш өңдеп, саудаға шығару. Ал, тұтынушылар дайын. Өздері келіп цехтан алып кетеді.

Рамис Фарамев бүгінде бірнеше бөліктен тұратын қойма салып жатыр. Күріш өсірушілер өнімдерін осы қоймаларға әкеліп сақтайды. Кілттері өздерінде болмақ.  Бұл сенімділік үшін де қажет. «Шаруалар күрішті орып біткен соң, оны қайда сақтауды білмейді. Далаға әкеліп төгіп тастаса жауын-шашын астында қалып, бүлінеді, құс жегенін жеп, жемегенін шашып кетеді. Ендігі жерде олар өнімдерін босқа рәсуә етпейді. Дайын қоймаға әкеліп, сыртынан жауып кетеді» дейді бізге Рамис қоймаларының жайын сөз етіп.

Рамистің ендігі ойы Қытайдан тағы да күріш өңдейтін цех құрылғыларын әкелу. Қазіргі агрегаттары да сырғып жүріп тұр. Екінші цехты іске қосып, еңбек өнімділігін арттыруды жоспарлап отыр. Мұндағы жұмысшылар ай сайын 150-170 мың теңге төңірегінде жалақы алады. Күріш тоқтаусыз сатылып жатқандықтан да айлық уақтылы беріледі. Айтпақшы, мұнда жұмысшылардың түскі тамағы тегін. Рамистің жұбайы Махмуба шебер аспаз да екен.

Еселі еңбек Фарамевтер отбасына ырыспен қоса абырой да сыйлапты. Рамис Фарамев облыс әкімі мен аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар, «Кәсіпкер» медалінің иегері.

Рамис пен Махмубаның бір ұл, екі қызы бар.  Үшеуі де қазақ балаларымен ойнайды. Тілдері де қазақша шығыпты. 

Иә, күріш те, ырыс та осында екен. Біз шағын цехтағы көп ұлтты еңбеккерлердің ынтымағы мен жауапкершіліктеріне сүйсініп аттандық.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

«Оңтүстік Қазақстан».

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ