Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды

Мақтааралда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды

73

Мақтаарал ауданы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті төртінші отырысы өтті.

Жиында аудан көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған ықпал ететін тәуекелдерді анықтап, жою, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың барысы кеңінен талқыланды.

Аудан әкімінің орынбасары Б. Анарбековтың төрағалығымен өткен мәжіліске құқық қорғау органдарының өкілдері, аумақтық мекемелердің басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ дербес бөлімдердің жетекшілері қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібіне бес негізгі мәселе енгізілді. Алдымен әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және оларды жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Елшібаев баяндама жасады. Әлеуметтік қолдау көрсету кезінде заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, мемлекеттік көмектің шынайы мұқтаж азаматтарға әділ әрі кедергісіз жетуі маңызды екені атап өтілді.

Келесі мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Тұрсынханов 2026 жылы бөлінген қаржы есебінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру шараларының қоғамда адалдық, әділдік және заңға құрмет қағидаттарын орнықтырудағы маңызына назар аударылды. Сонымен қатар, Мақтаарал ауылдық округінің әкімі А.Жұматаев пен Жамбыл ауылдық округінің әкімі Б.Сыдықовтар өздері басқаратын әкімдік аппараттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Аталған мәселелер аясында жергілікті деңгейде заң талаптарының сақталуы, мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуі және тұрғындармен кері байланысты нығайту мәселелері қаралды. Ал аудан әкімдігі жанындағы комиссияның 2026 жылы атқарған жұмысының қорытындысы туралы аудан әкімі аппаратының заң бөлімінің басшысы Б. Мусрепов баяндады.

Мәжіліс барысында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Б. Анарбеков мемлекеттік қызмет жүйесінде адалдық, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын берік ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, азаматтардың өтініштері мен сұраныстарын уақытылы әрі сапалы қарау – мемлекеттік аппарат жұмысының басты басымдықтарының бірі. Бұл ретте әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндетті жоғары жауапкершілікпен атқарып, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты бөлім басшыларына, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидатын күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыру, мемлекеттік қызмет көрсету барысында ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптарының мүлтіксіз орындалуын бақылау міндеттелді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑