ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында және бекітілген жоспар бойынша Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Мырзакент кентінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.
Жиын барысында 2026 жылдың 6 айында ауданда атқарылған жұмыстар жөнінде арнайы бейнеролик көрсетіліп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан маңызды өзгерістер мен саяси реформалар туралы аудан басшысы кеңінен айтып өтті.
«Бүкілхалықтық референдум өткізіп, Жаңа Конституцияны қабылдағанымызды жақсы білесіздер. Жаңа Ата Заңның арқасында елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мықтап орнығып жатыр. Сонымен қатар, Ата Заңның ауысуына байланысты жақында ғана Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтті. Енді Үкіметіміз жаңадан құрылып жатыр. Бұл өзгерістер жергілікті басқару органдарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің басты міндетіміз – елде жүргізіліп жатқан саясатты аудан тұрғындарының игілігіне тиімді пайдалану. Сонымен бірге заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту бағытында жұмыс істеу» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Аудан орталығы Мырзакент кентін кешенді дамыту басты міндет болып табылады. Кентте жаңа буынды дамыту орталығының құрылысы жүріп жатыр және «Мырзакент» мектеп гимназиясы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, Т.Мәдиқожаев пен Аль-Фараби көшелеріне 6,6 миллион теңгеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. С.Шамов және М.Бектасов көшелерінің бойында орналасқан екіқабатты тұрғын үйлердің алдына 5 миллион теңгеге асфальт төселді. Б.Батыр және М.Бектасов көшелеріне 2,5 миллион теңгеге және Жоба №1 көшесі бойындағы желілік саябаққа 11 миллион теңгеге жарықшамдар орнатылды.
Жиын барысында аудан басшысы халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге де баса назар аударып, кенттегі өзекті мәселелер және оның шешімдері туралы айтып өтті. Мұнан соң халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Аудан басшысы мәселе көтерген және сұрақ қойған әрбір тұрғынға кезекпен жауап берді.











