Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Бекжан Әшірбаевтың жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді

Бекжан Әшірбаевтың жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді

619

Қазақ руханияты орны толмас қазаға ұшырады. Көрнекті ақын, сазгер, журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Төребекұлы Әшірбаевтың 52 жасында дүниеден өтуі – барша Қазақ елінің қабырғасын қайыстырған ауыр қаза.

Бекжан Әшірбаев – Мырзашөлдің ғана емес, күллі қазақтың маңдайына біткен талантты перзент, туған жердің қадір-қасиетін жырына арқау еткен көрнекті қаламгер еді. Ақындық қуатымен, сазгерлік сыршылдығымен, журналистикадағы ізденісімен қазақ руханиятына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Оның шығармаларынан туған жерге деген перзенттік махаббат, елге деген азаматтық жауапкершілік, адамдық пен ізгіліктің асыл үні сезілетін. Бекжанның өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасы – Мырзашөлден түлеп ұшқан азаматтың елдік биіктерге көтерілген тағылымды жолының жарқын көрінісі.

Асыл азаматтың өмірден тым ерте озуы – туған жері үшін, қазақ әдебиеті мен журналистикасы үшін орны толмас қаза. Оның қаламынан туған шығармалары, әуезді әндері, азаматтық болмысы мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.

Осы ауыр қазаға байланысты Бекжан Төребекұлы Әшірбаевтың отбасы мен туған-туыстарына, замандастары мен әріптестеріне, барша Мырзашөл жұртына қайғырып көңіл айтамын.

Марқұмның жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Артында қалған мол рухани мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ел игілігіне қызмет ете берсін.


Бақыт АСАНОВ,

Мақтаарал ауданының әкімі

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.