Skip to content
Басты бет / СЭС / Рентген сәулесінің ықтимал зиянды әсерінің алдын алу

Рентген сәулесінің ықтимал зиянды әсерінің алдын алу

30

Рентген сәулесі — рентгендік диагностиканың негізі және медицинаның барлық салаларында қолданылады. Рентген сәулесі тіндерге ену кезінде генетикалық материалға зақым келтіруі мүмкін, оны иондаушы сәуле деп те атайды.

Сәулелік диагностика кабинеттері мен бөлімшелері медициналық ұйымдардың ғимараттарында орналастырылады. Кабинеттерді тұрғын үйде, қоғамдық ғимараттарда, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде, оқу орындарында орналастыруға тыйым салынады. Жылжымалы рентген аппараттарын операциялық блоктарда және тасуға болмайтын науқастарға емшара жүргізу үшін палаталарда пайдаланады.

Науқастарды жаппай тексеру үшін жылжымалы рентген аппараттарын пайдалануға жол берілмейді. Сәулелік диагностика кабинетінің бөлмелерінде жылыту жүйесі, орталықтандырылған су, канализация, желдеткіш қондырғылары болуы қажет. Рентгендік кабинетінің биіктігі кемінде 3 м, ауасының температурасы 20 градустан кем болмауы тиіс. Емшара және басқару бөлмелерінің қабырғалары мен төбесінің беттері ылғалды жинау жұмысын жүргізуге мүмкіндік беретін тегіс болуы қажет. Кабинетте рентген аппараттарының схемасы, олардың сипаттамасы және пайдалану жөніндегі нұсқаулығы, дозиметриялық бақылау, рентген аппаратының пайдалану параметрлерін бақылау хаттамалары болады. Сонымен қатар, көрінетін жерге пациенттерге арналған медициналық емшаралар кезіндегі дозалық жүктемелер туралы жадынамалар орналастыру қажет.

Рентген аппараттарымен жұмыс істеуге жасы 18-ден кем емес, иондағыш сәулеленулермен жұмыс істеуге медициналық тұрғыдан қарсы көрсетулері жоқ, қауіпсіздік техникасы жөнінде нұсқау алған адамға рұқсат етіледі. Рентген зертханашысының бір уақытта жұмыс істеп тұрған екі және одан да артық рентген аппаратында қызмет көрсетуіне жол берілмейді. Рентгенологиялық зерттеуге тікелей қатысы жоқ адамдардың емшара бөлмесінде болуына рұқсат етілмейді. Рентгенологиялық зерттеулерді жүргізу кезінде емшара бөлмесінде бір пациенттен артық болуға жол берілмейді. Науқастың жағдайын бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қарау терезесі және қатты дауысты байланысының сөйлесу құрылғысы көзделеді.

Рентгенологиялық зерттеулерді жүргізу кезінде жұмыс істеуші персонал жеке қорғаныш құралдарын пайдаланады. Кабинеттің стационарлық радиациялық қорғау құралдары сәуле қабылдайтын адамдардың тиісті санаттары үшін дозаның негізгі шегінен аспайтын деңгейге дейін рентген сәулесін азайтуды қамтамасыз етуі тиіс. Радиациялық қорғаныш құралдарының қорғаныш тиімділігін бақылау кемінде екі жылда бір рет жүргізіледі.

Жұмыс күні аяқталғаннан кейін рентген аппараты, электр аспаптары, электр жарығы, желдеткіш ажыратылады. Пациентпен жанасатын элементтер мен жеке қорғаныш құралдарын дезинфекциялау жүргізіледі. Ай сайын сірке қышқылының 1-2 % ерітіндісін қолдана отырып, ылғалды жинау жүргізіледі.

Медициналық қызмет көрсетудің барлық кезеңдерінде бұрын жүргізілген рентгенологиялық зерттеулердің нәтижелері және жыл бойы қабылдаған дозалар ескеріледі. Жүкті әйелдерді рентгенологиялық зерттеу тек жүктіліктің екінші жартысында клиникалық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Сәби жастағы балаларды рентгенологиялық зерттеу кезінде арнайы иммобилизациялау құралдарын қолданылады.

Рентген процедуралары кезінде медицина қызметкерлері және басқа да адамдар тікелей рентген сәулесінің және де радиациялық емес факторлардың әсеріне ұшырауы мүмкін. Осыған байланысты көрсетілген факторлардың зиянды әсерлерінің алдын алу жөніндегі талаптарды сақтау қажет.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.