Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда сайлау учаскелері өз жұмысын аяқтады

Мақтааралда сайлау учаскелері өз жұмысын аяқтады

51

Бүгін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына байланысты Мақтаарал ауданындағы барлық 62 дауыс беру учаскесі өз жұмысын аяқтап, дауыс беру тоқтатылды.

Таңғы сағат 07:00-де Мемлекеттік Гимн орындалуымен ашылған сайлау учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін тұрғындарды қабылдап, азаматтар өз таңдауын жасады.

Сайлау күні мақтааралдықтардың белсенділігі ерекше байқалды. Таңмен таласа дауыс беруге келген алғашқы азаматтарға естелік сыйлықтар табысталып, олардың азаматтық белсенділігіне алғыс білдірілді. Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер, жастар мен түрлі сала өкілдері сайлау учаскелеріне келіп, ел болашағына қатысты өз ұстанымдарын білдірді.

№409 сайлау учаскесіне бір топ ақ жаулықты әжелер арнайы келіп дауыс берсе, егіздер Нұрғиса мен Нұрлыхан Күнтуғандар да қатар келіп, өз таңдауларын жасады.

Сайлау күніндегі есте қаларлық сәттердің бірі – Бірлік ауылдық округіне қарасты Алғабас елді мекеніндегі №423 сайлау учаскесінде Қорғанбаев көшесінің 40 тұрғынының бір мезетте дауыс беруі болды. Бұл ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы мен азаматтық белсенділігінің жарқын көрінісіне айналды.

Сайлау күні тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында бірқатар учаскелерде спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Гір тасын көтеру, асық ату, шахмат және дойбыдан жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Ал аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мен өнерлі тұрғындар әннен шашу шашып, сайлау күнінің мазмұнын мерекелік көңіл күймен толықтырды.

А. Қалыбеков ауылдық округіндегі Үлгілі елді мекеннің №392 сайлау учаскесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жергілікті өнімдер нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен ұсынылды.

Сайлау барысын бақылау мақсатында Мақтаарал ауданына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының халықаралық байқаушылары да келіп, дауыс беру тәртібіне, сайлаушылардың құқықтарының сақталуына және дауыс санау процесіне мониторинг жүргізді.

Аудан әкімі Бақыт Асанов та Мырзакент кентіндегі №890 сайлау учаскесіне барып, алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Ол өз дауысын еліміздің болашағы мен Жаңа Қазақстан үшін беріп жатқанын атап өтті.

Осылайша, Мақтаарал ауданындағы сайлау күні азаматтық белсенділік пен ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісімен өтті. Таңдауын жасауға келген әрбір тұрғын елдің қоғамдық өміріне өз үлесін қосты.

Қазіргі уақытта барлық 62 сайлау учаскесінде дауыс беру уақыты аяқталып, учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды санау және сайлау нәтижелерін рәсімдеу жұмыстарына кірісті.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.