Skip to content
Басты бет / СЭС / Вакцинацияның маңыздылығы

Вакцинацияның маңыздылығы

7

Қазіргі таңда вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі ғылыми дәлелденген әдістерінің бірі болып табылады. Ол адамның ағзасында белгілі бір инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастыру арқылы аурудың пайда болу қаупін төмендетеді, сондай-ақ оның ауыр өтуі мен асқынуларының алдын алады.

Вакцинацияның арқасында адамзат тарихында бірқатар қауіпті аурулар толық жойылып немесе айтарлықтай азайды. Атап айтқанда, шешек (оспа) ауруы толығымен жойылды, ал полиомиелит, қызылша, көкжөтел сияқты инфекциялар бақылауға алынды.

Вакцинация тек жеке адамның денсаулығын қорғаумен шектелмейді. Ол қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Халық арасында вакцинация деңгейі жоғары болған жағдайда ұжымдық иммунитет қалыптасады. Бұл өз кезегінде инфекцияның таралуын шектеп, әсіресе иммунитеті әлсіз адамдарды, жүкті әйелдерді және жас балаларды қорғауға мүмкіндік береді.

Қолданыстағы вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық талаптарға сәйкес көпсатылы клиникалық зерттеулер арқылы дәлелденеді. Сонымен қатар, олардың сапасы мен қауіпсіздігі тұрақты түрде бақылауда болады.

Вакцинациядан бас тарту немесе оның деңгейінің төмендеуі жұқпалы аурулардың қайта таралуына әкелуі мүмкін.

Вакцинация – бұл тек жеке таңдау ғана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілік. Әрбір азаматтың вакцинацияға саналы көзқарасы жалпы халықтың денсаулығын сақтауға ықпал етеді.

Денсаулық – басты құндылық. Оны қорғау – әркімнің міндеті.


Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.