Skip to content
Басты бет / Білім / Үздік түлектерге мемлекеттік қызметте жол ашық

Үздік түлектерге мемлекеттік қызметте жол ашық

15

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуда жастардың рөлі ерекше. Заманауи білім мен жаңа көзқарасқа ие жас буын – мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан да елімізде жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп келеді.

Бұл бастама – жастарды мемлекеттік қызметке тарту және өңірлердегі кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған тиімді құрал. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешуде оның маңызы зор. Үздік түлектердің тікелей мемлекеттік қызметке келуі – жергілікті басқару сапасын арттыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы «Жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек, ол үшін жастарды олардың өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керектігін» баса айтқан болатын.

Бұл ретте, «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік грантпен жоғарғы оқу орындарын үздік аяқтаған түлектер (GPA 3.33-тен жоғары) оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде аудандық, ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі берілді.

Бүгінде облысымызда осы мүмкіндік арқылы мемлекеттік қызметке орналасқан 76 жас түлек өз білімдері мен дағдыларын тәжірибеде тиімді қолданып келеді. Олар халықпен тікелей жұмыс істей отырып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезінеді және кәсіби тұрғыда қалыптасады.

Үздік түлектерге берілген бұл мүмкіндік – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыты. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы өңірлердің дамуына серпін беріліп, мемлекеттік басқару сапасы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл – ел болашағына жасалған инвестиция әрі тұрақты дамудың берік негізі.

Қорытындылай келе, жоғарғы оқу орнын бітірген түлектерді мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістерді тиімді пайдалана отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға шақырамыз.


Ержан Нағызханұлы

ҚАРЫМСАҚОВ,

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Түркістан облысы бойынша

департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.