Мақталы аудандағы шаруаларға ағын су мәселесі өте өзекті күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты мәселелер «ақ алтынды» аймақ үшін маңызды болып тұр. Себебі, бақша, мақта дақылын өсіретін ауданда ирригация, мелиорация саласында шешімін таппаған проблемалар аз емес.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керектігін айтты. Су үнемдейтін технологияларды шұғыл енгізуді міндеттеді. Сондай-ақ, Президент жаңа инфрақұрылым салу өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы екенін де ескертті. Осы орайда бүгінде Мақтаарал ауданы аумағында «Ирригация және дренаждық жүйелерді жетілдіру-2» ауқымды жобасы жүргізіліп жатқанын айта кетейік. Осы жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтеді. Ағын су жеткізу, мелиорацияны жақсарту мақсатында К-20, К-34 каналдарын аталған бағдарлама аясында бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы үш жылда 557 шақырымды құрайтын 127 су қашыртқысы механикалық тазалаудан өтті. Ағын су шығынын азайту үшін ирригациялық жүйелерге автоматтандырылған су есептегіш қондырғылары орнатылады. Осы ауқымды жұмыстар толық жүзеге асқан жағдайда ауданда 45786 гектар суармалы жердің құнарлылығы артады.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан проблемалар аз емес. Мәселен, мақта-тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымай отыр. Соның салдарынан мақтаны шикізат күйінде сату бағасы Ливерпуль биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сонымен бірге кейінгі жылдары мақта өніміне сұраныстың азаюы да бағаның төмендеуіне әкелді. Тұқымдық шит сапасы нашарлап, мақтаны әрі қарай өңдеу ісі жолға қойылмады. Аудан әкімінің айтуынша, өңірде жіп иіріп, мақта тоқитын, киім тігетін ірі өндіріс орны жоқ. Сол себепті, ауданда тоқыма, тігін өнеркәсібін дамытып, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен және тікелей қолдауымен арнайы жоспар жасалынған.
2023-2025 жылдары ауданымызда 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешенін және логистикалық хаб құруға арналған инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна. Бұл жоба жүзеге асырылғанда 3 000 жаңа жұмыс орны құрылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда диқандарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешу қажеттігін айтты. Осы орайда ең алдымен, мақта тұқымының сапасын жақсартуға, элиталық шитті өзімізде өндіруге баса мән беріледі. Элиталы мақта тұқымын Мақтаарал ауданына импорттауға келісімшарттар жасалып, биыл көршілес Өзбекстан, Түркия елдерінен элиталы тұқымдық шит әкелінді. 2027 жылға дейін ішкі нарық толықтай сапалы элиталық шитпен қамтамасыз етіледі. Осы жұмыстардың нәтижесінде шитті мақтаның 70 пайызын терең өңдеуден өткізіп, баға нарығына тәуелділіктен арылтуға болады деген ойдамыз. Бұл бағытта ауданға инвестиция тарту бойынша ауқымды жобалар қолға алынуда. Мақта-тұқым кластерімен айналысатын өзбекстандық ірі кәсіпорындардың бірі – «Global textile» компаниясы биылдан бастап Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті. Компания біздің ауданнан 5 ірі кәсіпорынды іске қосу үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасын дайындады. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, мақта-тоқыма фабрикасы, мата бояйтын фабрика іске қосылатын болады. Биыл бұл компания аудан шаруаларынан 10 мың тоннаға дейін мақта сатып алуға ниет білдіріп отыр. Мырзакент кентінен компанияның кеңсесі ашылды. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ауыл әкімдері, шаруалар мен кәсіпкерлерден құрылған делегация Өзбекстанның Ферғана облысындағы «Global textile» компаниясының кәсіпорындарын аралап, озық тәжірибелерімен танысып қайтты. Бұл компания мақтадан жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы мақта кластерін толық игерген. Ташкент қаласы мен Ферғана облысында 15-ке жуық кәсіпорында 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді, – дейді аудан әкімі Бақыт Асанов.
Сондай-ақ, мақтаны терең өңдейтін зауыт, фабрикалар ашуға инвесторлар тарту және өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысу мақсатында Қытайға іссапармен барған делегация мүшелері Бұратала қаласында болыпты. Біздің делегация ондағы «Шонши Хэ» зауытында мақта тұқымын өндіру, мақта өсіру және оны терең өңдеу, жіп иіру технологиясымен танысқан. Кездесу барысында зауыт басшылығы Мақтаарал ауданына инвестиция салуға ниет білдіріпті. Аудан әкімі осы сапарда Қытай еліндегі егісті тамшылатып суарудың озық технологиясымен де танысқанын, осы тәжірибені ауданға енгізуге күш салатынын айтады. Бұл жаз айында жиі орын алатын ағын су тапшылығы кезінде суды мейлінше үнемдеуге мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында егін шаруашылығында маңызды реформа жасау қажеттігі айтылды. Яғни егіс түрлерін көбейтіп, көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Бұл орайда ауданда егістікті әртараптандыру жұмысын жақсарту мақсатында жүгері егу қолға алынбақ. Жүгеріден 29 түрлі өнім шығаратын зауыт ашу көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияны тиімді қолданудың нәтижесінде мақта, бақша, жүгері дақылдарының өнімділігі артқан. Әр жылы халықтың басты күнкөрісі – мақтаның әр гектарынан 24,5 – 26,3 центнерден өнім алынды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 900 гектарға ендіріліп, өсімі 2,3 есеге, тамшылатып суару 1,4 есеге, жылыжай кешенін салу 2 есеге көбейді. Жылына 2-3 рет өнім алу үшін диқандар бірінші кезеңде бақша, екінші кезеңде мал азығы дақылдарын өсіруді дәстүрге айналдырған. Жыл сайын бақша және көкөністен алынған өнімнің 80 пайызы шетелге экспортталады. Жыл қорытындысы бойынша Мақтаарал ауданы облыста екі жыл қатарынан «Ең үздік өнім экспорттаушы аудан» номинациясын жеңіп алған.
Аудан әкімінің айтуынша, 69 елді мекеннің 97,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ауыз су 49 елді мекенге тәулік бойына, 18-іне кесте бойынша берілуде. 2019-2023 жылдары ауыз суға ел қазынасынан 2 млрд. 395,8 миллион теңге бөлініп, 10 елді мекеннің ауыз су жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ, 36 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Бес жыл көлемінде бюджеттен табиғи газ жүргізу үшін 6 млрд. 842 мың теңге қаралып, 9 елді мекен «көгілдір отынға» қосылды.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолының құрылысы қолға алынды. Бұл теміржолды сапалы салу мәселесі ел Президентінің басты назарында. Ауданда Қазақстан–Өзбекстан шекарасы бойымен «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жоспарланып отыр.
Атакент кентіне жақын орналасқан кедендік бекеттің маңында бұған дейін жүк көліктерінің кептелістері жиі болып, кентке кіріп-шығатын жеңіл көліктер үшін қиындық тудыратын. Жаңа нысанның жобасы бойынша 600 жүк көлігіне арналған автотұрақ салынып, кептеліс мәселеcі оң шешім табады. Аталған жобалар іске асса, өңірде өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік туады. Мақталы өңірге инвесторлардың да қызығушылығы артады. Мұнда тиісті инфрақұрылымды тарта отырып, өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға болады. Аграрлы ауданның халқы өте еңбекқор, іскер. Яғни Президент тапсырмаларының жүзеге асырылуына аудан тұрғындарының қомақты үлес қосарына сенімдіміз.
Сәбит Қалдыбаев,
«Оңтүстік Қазақстан».