Бейсенбі, Мамыр 9, 2024
19.6 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыСу кодексінің жобасы таныстырылды

Су кодексінің жобасы таныстырылды

Түркістан облысына іссапармен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс бабымен Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарында болды. Суландыру саласының жұмыстарымен жақыннан танысқан министр биыл бұл өңірде «Бәйдібек ата» су қоймасы салынатынын айтып, оның құрылысы жыл соңына дейін басталатынын жеткізді. Сондай-ақ, облыста суарудың үнемді жүйелерін дайындаумен және орнатумен айналысатын өзбекстандық «OMAD Start» компаниясының зауытын салу жоспарланып отыр.

Министр Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған топ Шардара ауданында шаруалармен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев министрге Ақшеңгелді ауылдық округіндегі «Қызылқұм» магистральды каналының астынан өткізіліп жатқан су құрылғысының (дюкер) жұмысын көрсетті. Мұнан соң Жаушықұм алқабын игеру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.

Түс қайта аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында шаруа қожалығы өкілдерімен, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өтті. Нұржан Нұржігітов жиынға қатысушыларды Парламентке ұсынылған жаңа Су кодексінің жобасымен таныстырды.

Халықпен кездесуде «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалының басшысы Қазбек Бедебаев хабарлама жасады. Венгрияның «SOIL SOLUTION» ЖШС-нің құрылтайшысы Репасе Даниель топырақ ылғалдылығын сақтап, суды үнемдеуге арналған жаңа препаратты таныстырды. Тамшылатып суаруға қажетті барлық технология түрін шығаратын өзбекстандық зауыт директоры Шахабиддин Шарафиддинұлы өз өнімдерін кепілдемесімен әкеліп орнатып беретінін айтса, Кентау қаласындағы жаңбырлатып суару құрылғыларын шығаратын зауыттың өкілі де су үнемдеуге арналған отандық өнімнің сипаттамаларын айтып берді.

Жиын барысында бірқатар шаруа қожалығы өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелерді министрдің алдына көлденең тартты. Министр өзекті деген проблемаларды жазып алып, диқандар игілігі үшін тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ