Skip to content
Басты бет / СЭС / Саябақтар мен демалыс орындарында сатылатын тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне мән беріңіз

Саябақтар мен демалыс орындарында сатылатын тағам өнімдерінің қауіпсіздігіне мән беріңіз

24

Жаз мезгілінде саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында және демалыс аймақтарында балмұздақ, лимонад, мақта кәмпиті, қайнатылған жүгері және басқа да дайын тағам өнімдеріне сұраныс артады. Әсіресе мұндай өнімдерді көбіне балалар мен жасөспірімдер тұтынады. Сондықтан ата-аналар балалардың қандай өнімді, қай жерден және қандай жағдайда сатып алып жатқанын қатаң қадағалауы тиіс.

Көп жағдайда тұтынушылар өнімнің қауіпсіздігіне емес, оның сыртқы көрінісіне қызығады.Түрлі түсті сусындар, жарқын қаптамалар, тәтті тағамдар мен жарнамалық өнімдер адамдардың назарын тез аударады. Бірақ мұндай өнімдерді тұтыну әрдайым қауіпсіз бола бермейді.

Балмұздақ арнайы температуралық режимде сақталуы тиіс өнім болып табылады. Сақтау талаптары бұзылған жағдайда өнім еріп, қайта мұздатылуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның құрамында ауру тудыратын микроорганизмдердің көбею қаупі артады. Сол сияқты салқын сусындар мен лимонадтарды дайындау кезінде қолданылатын судың сапасы мен мұздың қауіпсіздігі де маңызды рөл атқарады.

Мақта кәмпиті мен қайнатылған жүгері көбіне ашық ауада дайындалып немесе сатылып жатады. Ашық өнімдерге шаң-тозаң, жәндіктер және қоршаған ортадағы басқа да ластаушы факторлар түсуі мүмкін. Рұқсат құжаттары жоқ сауда орындарында өнімдердің қайдан әкелінгені, қандай жағдайда сақталғаны және жарамдылық мерзімі туралы нақты ақпарат болмайды.Тұрғындар тағам өнімдерін сатып алу кезінде сату орнының тазалығына, өнімнің сыртқы түріне, сақтау жағдайына және қаптамасына назар аударуы қажет.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды тек қауіпсіздігіне сенімді, санитариялық талаптарға сәйкес жұмыс істейтін сауда орындарынан ғана тағам өнімдерін сатып алуға шақырады. Денсаулыққа қауіп төндіретін өнімдерден сақтану – әр азаматтың өз жауапкершілігі.

Қауіпсіз тағам – денсаулықтың кепілі. Сондықтан тағам өнімдерін таңдауда сақтық танытып, сапасы күмән тудыратын өнімдерді тұтынудан бас тартыңыз.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.