Саламатты жұмыс орны – бұл тек қауіпсіз еңбек жағдайлары ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің физикалық және психологиялық саулығын қолдауға бағытталған кешенді орта. Мұндай ортада кәсіптік тәуекелдер барынша азайтылып, қызметкерлердің әлеуметтік-психологиялық ахуалы жақсарады.
Еңбек жағдайының сапасы мен қызметкерлердің денсаулығы кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің біріне айналды. Осы орайда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Саламатты жұмыс орындары» жобасы – еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен халық денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Қазіргі таңда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Саламатты жұмыс орындары» бастамасы жүзеге асырылып келеді.
Аталған жоба мемлекеттік органдарды, жұмыс берушілерді, кәсіби қауымдастықтарды, кәсіподақ ұйымдарын және еңбекті қорғау мен қоғамдық денсаулық сақтау саласының сарапшыларын біріктіретін тиімді ынтымақтастық алаңы болып табылады.
Оның негізгі мақсаты – жұмысшылардың денсаулығын сақтау және нығайту, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру, сондай-ақ кәсіптік аурулардың алдын алу жүйесін жетілдіру.
Жобаның басты міндеті – қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігіне қамқорлықты корпоративтік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналдыру, сондай-ақ кадрлық саясат пен еңбекті қорғау жүйесіне тиімді енгізу.
Жобаның қызметі бірнеше маңызды бағыттарды қамтиды. Олардың қатарында:
– еңбек жағдайларын жақсарту және зиянды өндірістік факторлардың әсерін төмендету;
– қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау;
– психоэмоционалдық тұрақтылықты нығайту және кәсіби жарақаттанудың алдын алу;
– еңбек ұжымдарының жалпы өмір сүру сапасын арттыру.
Сонымен қатар, жоба аясында ұйымдар үздік тәжірибелермен алмасу, инновациялық және ғылыми негізделген әдістерді енгізу жұмыстары белсенді жүргізіледі. Бұл бастама тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық стандарттарға сай еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобаларға қатысу ұйымдардың тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді. Өйткені дені сау қызметкер – жоғары өнімділіктің, тиімді еңбектің және сапалы нәтижелердің кепілі. Ал, жұмыс орнындағы жайлы әрі қауіпсіз орта қызметкерлердің кәсіби мотивациясын арттырып, кадр тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Түркістан облысы бойынша «Саламатты жұмыс орындары» жобасына 40-тан астам нысан өтінім жасап, жобаға қосылу бойынша келісім түзілді. Аталған нысандар жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.
Қорытындылай келе, «Саламатты жұмыс орындары» ұлттық желісі – тек еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған жоба ғана емес, бұл – қоғам денсаулығын нығайтуға, адами капиталды дамытуға және елдің болашағын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық бастама.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков


