Сәрсенбі, Мамыр 8, 2024
36.3 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚМақтааралдықтар, қара бет боп қалмаңдар!

Мақтааралдықтар, қара бет боп қалмаңдар!

Мәселеге көшпес бұрын бірінші:

Сайлауды адал өткізбегендердің, яғни, үміткерлерді алалағандар, сайлау кезінде дауыс ұрлағандар, дауыс ұрлауға мұрындық болғандар, ықпал жасағандар, бейжайлық танытқандар түгел – жеті атасы лағынет болып, жеті ұрпағын қарғыс атар қарабеттер екенін.

Өйткені, сол қарабеттердің кесірінен сайлаушының шынайы таңдаған үміткері емес, қайдағы бір алаяқ, не ұры, не баукеспе һәм жемқор жеңіп кетіп, халықтың болашағы ұрланатынын еске сала кетейік.

Енді мәселеге көшейік.

Осы наурыз айының 30-ы күні Мақтаарал аудандық мәслихатындағы мемлекеттік қызметке ауысып кеткен бір депутаттың боасаған орнына сайлау жарияланған.

Сол орынға 4 үміткер сайысқа түсіп жатыр дағыны, бірақ шынайы сайысып жатқаны екеу-ақ екен.

Біреуі мақта өңдеу зауытында директор боп істейтін – Молдабеков Сәбит, ал екіншісі ауыл биі – Адеханов Еркінбек.

Қалған екі үміткер директор Молдабеков Сәбиттің «анандайлары» көрінеді.

Үміткер Молдабеков Сәбит – әлгі Әли Бектаев деген басқаратын, сосын Жигули Дайрабаев сияқты атақты мәжілісмен шыққан «Ауыл» партиясынан ұсынылса.

Ал үміткер Адеханов Еркінбек ауылы қолдағаннан кейін өзін өзі ұсыныпты.

Қалған екі үміткердің бірі, айта беретін «Аманат» партиясынан ұсынылғанымен директор Молдабеков Сәбиттің туған нағашысы екен деген сыбыс бар, екіншісі де директор Молдабеков Сәбиттің нағашысы болмағанымен, бүйрегі соған бұрыңқырап тұр дейді, дейді.

Енді.

Бізге жеткен мәліметке сай, Мақтаарал ауданының жергілікті билік басындағылары мен аумақтық сайлау комиссиясындағылар жең ұшынан жалғаса, қалайда директор Молдабеков Сәбиттің кандидатурасын өткізбекші боп жанталасып жатқанға ұқсайды.

Ал қара халықтың таңдауы кім екенін, әзірше «ішің білсін әлу-әй» деп, айтпай-ақ қояйық.

Оны өздеріңіз де пайымдап отырған шығарсыздар?

Содан не керек, аудандық сайлау комиссиясы үміткер Адеханов Еркінбектің әйелінің декларациясынан шикілік тапқан аудандық салық басқармасының өте күмәнді бір құжатын басшылыққа алып, өзін өзі ұсынған Адеханов Еркінбекті үміткерліктен шеттетуге шешім шығарып жіберіпті.

Күні ертең сайлау комиссиясының сол шешімінің заңдылығын Мақтаарал аудандық соты қарайын деп жатыр екен.

Егер үміткер Адеханов Еркінбектің әйелінің құжаттары шынымен де шикі боп шықса, бір басқа.

Егер сол құжаттың жалғандығы немесе жалған мәлімет енгізіліп шығарылғаны сотта анықталса, онда соны істеген қарабет қатаң жазаға тартылуы тиіс.

Себебі, үміткер Адеханов Еркінбектің үгіт насихат жүргізу уақыты өтіп бара жатқан жоқ па?

Соттың құлағына алтын сырға.

/Толық нұсқасы газетіміздің осы айда шығатын №03 (81) санында жарияланады/

(с) Амангельды Батырбеков, журналист

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ