Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті

Мақтааралда «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті

134

2026 жылғы 28 шілдеде Мақтаарал аудандық Мәдениет үйінде Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары ұйымдастырылды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын елімізде және шетелде кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен қолға алынған өңірлік жобаны іске асыру аясында өткізілді.

Семинардың мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани-мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан насихаттау, оның тағылымын қоғамға кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың рухани тәрбиесіне үлес қосу.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, сондай-ақ белгілі ғалымдар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Семинарды «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков жүргізді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының Ясауи мұрасын терең зерделеу мен кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасына тоқталып, «Ясауи керуені» жобасының Түркістан өңірінің барлық қала-аудандарын қамтитынын атап өтті.

Іс-шараны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып беріп, Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын дәріптеудің саяси маңызына тоқталды.

Семинар аясында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Ясауи тұлғасының тарихи және рухани маңызын жан-жақты саралады. Сондай-ақ, теология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, ойшыл мұрасының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, «Диуани хикметтің» адамгершілік пен имандылықты дәріптеудегі маңызын кеңінен түсіндірді. Ал университеттің доценті, философия докторы Мұхит Төлеген «Қожа Ахмет Ясауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыбында баяндама жасап, Яссауи ілімінің қазақтың ұлттық дүниетанымы мен дәстүрлі құндылықтарымен сабақтастығына ғылыми тұрғыдан тоқталды.

Баяндамалардан кейін қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, оны жастар тәрбиесінде пайдалану және қоғамда рухани құндылықтарды нығайту мәселелері талқыланды.

Семинарды қорытындылаған Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы – күллі түркі әлемінің баға жетпес қазынасы екенін атап өтіп, мұндай ғылыми-танымдық кездесулер ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың рухани тәрбиесін нығайтуға және қоғамда адамгершілік қағидаларын орнықтыруға зор үлес қосатынын жеткізді.

«Ұлы ойшылдың «Диуани хикмет» еңбегінде көрініс тапқан адамгершілік, әділдік, мейірім мен рухани кемелдену қағидалары бүгінгі қоғам үшін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл құндылықтар – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты рухани тұғырлардың бірі. Семинар барысында ортаға салынған ғылыми ойлар мен тұжырымдар, тағылымды пікірлер Қожа Ахмет Ясауи мұрасын тереңірек танып-білуге, рухани құндылықтарды кеңінен дәріптеуге және жастар тәрбиесіне тың серпін береді деп сенемін» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық жобасы алдағы уақытта Түркістан облысының барлық қала және аудандарында жалғасып, ұлы ойшылдың рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараларды қамтитын болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.