Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда Үлгілі ауылының тұрғындары үлгі көрсетті

Мақтааралда Үлгілі ауылының тұрғындары үлгі көрсетті

206

Оқу жылының басталуына орай Мақтаарал ауданы Аязхан Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл аумағының тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды абаттандыру және тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушыларының білім ордасына қауіпсіз әрі жайлы қатынауына жағдай жасау көзделді.

Тазалық жұмыстары ауыл биі Тұрлыбек Сәрсенов пен ауыл белсендісі Жәнібек Алайдаровтың ұйымдастыруымен өтті. Бастаманы қолдаған ауыл тұрғындары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ іске жұмыла кірісті.

Ауыл азаматтары мектепке апаратын және тұрғындар жиі пайдаланатын аяқжолдарды шаң-тозаңнан, тұрмыстық қалдықтардан және арамшөптерден тазалап, жол жиектерін ретке келтірді. Жұмыс барысында жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың тазалығы мен айналасының көріктілігіне ерекше мән берілді.

Бұл игі бастама ең алдымен мектеп оқушылары үшін маңызды. Жазғы демалыстан кейін мектепке оралатын балалардың қауіпсіз әрі таза ортада білім алуына жағдай жасау – ауыл тұрғындарының ортақ міндеті. Осы мақсатта жасалған тазалық жұмыстары ауылдың көркін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болары сөзсіз.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.