Понедельник, 21 апреля, 2025
16.1 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметМақтааралда ТЖБ қызметкерлері каналдардың бойына рейд жүргізуді бастады

Мақтааралда ТЖБ қызметкерлері каналдардың бойына рейд жүргізуді бастады

Мақтаарал ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері каналдардың бойына рейттік жұмыстар жүргізуді бастап, каналға жақын орналасқан тұрғын үйлерге үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырды.

“Бірер айдан кейін жаздың жайма-шуақ күндері келіп, адамдар табиғат аясында демалып, суға шомылуға асығады. Алайда дәл осы кезеңде су айдындарында түрлі қайғылы оқиғалар жиілеп кететіні жасырын емес. Өкінішке қарай, бұл оқиғалардың көбісі адам немқұрайлығынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайды. Сондықтан суға шомылу маусымында әрбір адам өз өміріне, жақындарының өміріне жауапкершілікпен қарауы керек” – деді, ТЖБ мамандары. Сондай-ақ, олар аталған маусымда қауіпсіздікті сақтау үшін қауіпсіздік ережелерін атап өтті.

Ең алдымен, суға шомылатын жердің қауіпсіз екеніне көз жеткізу керек. Рұқсат етілмеген, белгісіз су айдындарына түсу — аса қауіпті. Мұндай жерлерде тереңдігі белгісіз, ағысы қатты, түбі лай немесе тастармен жабылған болуы мүмкін. Бұл күтпеген жағдайларға алып келеді. Сондықтан арнайы жабдықталған жағажайларды, құтқарушылар жұмыс істейтін аймақтарды таңдаған жөн.

Балалар — ең осал топ. Олар судағы қауіп туралы ересектер секілді толық түсіне бермейді. Сондықтан, ата-аналар балаларын бір сәтке де қараусыз қалдырмауы керек. Қалжыңдап суға итеру, тереңге жүзуге итермелеу секілді іс-әрекеттердің арты орны толмас өкінішке айналуы мүмкін. Сонымен қатар, жүзуді білмейтін адамдар да сақтық шараларын қатаң сақтауы тиіс. Құтқару жилетін киіп, жалғыз шомылмау — маңызды ережелердің бірі.

Тағы бір ескеретін жайт — ішімдік ішіп суға түсу. Өкінішке қарай, көптеген қайғылы жағдайлардың басты себептерінің бірі осы. Ішімдік адамның қимылын баяулатып, дұрыс шешім қабылдауына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда тіпті жақсы жүзгіштің өзі қатерге ұшырауы мүмкін.

Қорыта айтқанда, суға шомылу — демалыстың бір бөлігі ғана. Ол тек қауіпсіздік ережелерін сақтаған жағдайда ғана шынайы рахатқа айналады. Әр адам судағы тәртіпке жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстанса, қайғылы оқиғалардың алдын алуға әбден болатынын мамандар түсіндірді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ