Skip to content
Басты бет / Ауыл шаруашылығы / Мақтааралда тұңғыш рет ветеринариялық пункттер пайдалануға берілетін болады

Мақтааралда тұңғыш рет ветеринариялық пункттер пайдалануға берілетін болады

217

Мақтаарал ауданында мал шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар қарқын алды. Биыл Түркістан облысы Ветеринария басқармасының бастамасымен ауданда бірден 8 жаңа ветеринариялық пункттердің құрылысы басталды.

Қазіргі таңда Ж.Нұрлыбаев, А.Қалыбеков, Еңбекші, Достық, Жаңа жол, Бірлік және Мақтаарал ауылдық округтерінде жаңа ветеринариялық пункттердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Бұл нысандар пайдалануға берілсе — ауыл тұрғындарына көрсетілетін ветеринариялық қызметтің сапасы артып, төрт түліктің саулығын қамтамасыз етуге тың серпін бермек.

Аталған құрылыс жұмыстары «BATSU» компаниясының өз қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Алдағы кезеңде бұл нысандар мемлекет теңгеріміне сатып алынатын болады. Мұндай тетік мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімді үлгісін көрсетіп, ауылдық жерлердегі маңызды әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Жаңа ветеринариялық пункттер заманауи талаптарға сай жобаланған. Әрбір ғимаратта кең әрі жарық жұмыс бөлмелері, ветеринариялық дәрілік заттарды сақтауға арналған арнайы қойма, ветеринариялық мамандардың жұмыс кабинеттері, пункт меңгерушісінің жеке бөлмесі, санитарлық торап, жуынатын бөлме және қызметкерлердің тынығуына арналған арнайы демалыс бөлмесі қарастырылған.

Пункттердің аумағында ауыл тұрғындарының малдарын ветеринариялық өңдеуден өткізуге қажетті барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, малды шомылдыруға арналған арнайы бассейндер, сырғалау, вакцинациялау және тіркеу жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге арналған қозғалтпай бекіту құрылғылары орнатылады. Бұл жабдықтар ветеринариялық мамандардың жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, көрсетілетін қызметтің сапасы мен тиімділігін де арттырады.

Жаңа ветеринариялық пункттердің іске қосылуы — ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау болмақ. Себебі, мал шаруашылығы – Мақтаарал ауданы халқының негізгі күнкөріс көздерінің бірі. Бұған дейін кейбір елді мекендерде ветеринариялық қызметті көрсетуге тиісті инфрақұрылым болмаған болса, енді жаңа нысандар бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, сапалы ветеринариялық қызметтің қолжетімді болуы жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алуға, профилактикалық іс-шараларды уақытылы жүргізуге, мал өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жалпы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға оң ықпал етеді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.