Сәрсенбі, Мамыр 8, 2024
24.6 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚМақтааралда тағы 3 елдімекенге газ берілді

Мақтааралда тағы 3 елдімекенге газ берілді

Бұған дейін Мақтаарал ауданына қарасты Иіржар ауылдық округі Шапағат ауылына газ берілген болатын. Күні кеше аталған округке қарасты тағы 3 елдімекен көгілдір отынға қосылды. 

Қазан айынан бастап Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Күні кеше аталған округке қарасты Диқан, С.Рахымов және Азат елдімекендеріне табиғи газ беріліп, ауыл тұрғындары бұл хабарды үлкен қуанышпен қабыл алды.

Аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, жыл соңына дейін қалған 5 елдімекенге кезең кезеңімен газ берілетінін жеткізді.

Ауыл тұрғындары шынайы ризашылығын айтып, Мемлекет, облыс, аудан басшылығына және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Иіржар ауылдық округіне қарасты Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан елдімекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып,  бюджеттен 1 миллиард 182 миллион теңге бөлінген болатын.

Жалпы Мақтаарал ауданында табиғи газға 18 477 абонент қосылған. Елдімекендердің 51,2 пайызына газ жеткізілген. Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекеннің барлығына газ беру жұмыстары аяқталғаннан соң елдімекендерді газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға жетеді.

2021 жылы Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты жалпы 12 елдімекенге 1,9 миллиард теңге қаралып,  қазіргі таңда жеткізуші газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 1,3 миллиард теңгеге қуаттылығы сағатына 50 мың куб метрді құрайтын «Мақтаарал» газ жеткізуші станциясының құрылысы да аяқталуға жақын қалды.

Бұдан бөлек, қалған газдандырылмаған 23 елдімекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысына және Мақтарал ауылдық округіне жеткізуші газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2022 жылы 10 жобаның сараптама қорытындысы алынса, қалған 13 елдімекенге жобалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Айта кетейік, жоғарыда аталған жұмыстардың бәрі іске асқан соң Мақтаарал ауданының елдімекендерін газбен қамту 100%-ға жететін болады.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ